СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды

17.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы 7 ауданда құс тұмауының ошағы анықталды. Осыған байланысты құс қырылған аудандарда карантиндік шаралар енгізілді. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында құс тұмауының ошағы тіркеліп отыр. Осыдан екі күн бұрын ғана, құстардың өлгені жайлы Ұлттық арна эфирінен материал өткен болатын. Бірақ ол кезде нақты неден қырылғаны беймәлім еді. Сараптама нәтижелері бүгін ғана дайын болып, құс тұмауы екенін дәлелденді. Осы мәселеге орай арнайы өткізілген брифинг барысында облыс ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов қолға алынған шаралар туралы мәлімдеді. 

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда облыстық әкімдік қаулысымен осы 7 ауданның елді мекендерінде карантиндік шаралар енгізіледі. Карантин кезінде осы елді мекендерден тірі құс пен құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Қазіргі күні мониторингтік жұмыстар өткізілп жатыр. Мал дарігері мамандары үй-үйді аралап, қанша құс бар екенін, қаншама өлді, соны анықтап жатыр.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Бұдан бөлек, облыста жедел штаб құрылып, індеттің таралмауын бақылау бойынша әрекет етуге кірісті. Бүгін ауылдарда блокбекеттер орнатылады. Жалпы, шекаралас аудандарда үй құстары мен жануарларға салу үшін 873 мың отандық препарат бөлінді. Алдағы уақытта екпе жұмыстары басталады. Мамандардың айтуынша, әзірге тек жеке үйлердегі құстар ғана қырылып қалған, ірі фабрикалар аман.

Хабарламаларға жазылу