БҚО-да пайдаланылмай жатқан және қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жерлеріне былтырдан бастап бақылау күшейді. Ауқымды тексеру шараларының нәтижесінде жыл ішінде 95 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 28 мың гектар алқап қайта игеріле бастады. Бұл бағытта Қазталов ауданында едәуір жұмыс тындырылған. Жұмысына жауапсыз шаруалар 6 мың гектар жерінен айырылды.
Альберт Есалиев, Қазталов ауданының әкімі:
- Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша пайдаланылмаған көлемі 6090 гектар құрайтын 13 шаруашылық жерлері биылғы жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта көлемі 68425 гектар құрайтын 107 жер учаскесін конкурсқа шығару жоспарлануда.
Түркістан облысы Ордабасы ауданында да игерусіз жатқан 2 300 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Төрткүл ауылы маңындағы бұл жерлер кезінде «Батыс Европа-батыс Қытай» көлік дәлізіне қажет деп «Қазавтожол» АҚ-на берілген болатын. Сондай-ақ түрлі себептермен автожолдың күзетілетін аумағына енбеген қалған жерлер де аудандық жер қорына қайтарылғалы отыр. Түгендеу жұмыстары кезінде игерусіз жатқан осындай 11 жер телімі анықталған. Олардың аумағы 131 гектардан асады. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес игерусіз жатқан жерлерді есепке алу ісі екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Енді олар сот арқылы меншік иелерінен қайтырып алынады.
Рауан Диәли