«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында 9 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында 9 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

14.09.2020

Алматыда «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында биыл сәуір айынан бері 18 мыңнан астам адам уақытша жұмыспен қамтылған. Ал 9 мыңға тарта азамат тұрақты қызметке орналасқан. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрғындар көбіне құрылыс саласына қызметке шақыртылуда. 

Игі бастаманың игілігін көргендердің бірі – Закир Кәрімұлы. Тұрақты жұмыс табу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырған азамат жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырып, көп ұзамай құрылыс саласына қызметке орналасқан. 

Закир Саражов, қала тұрғыны:

- 4 айдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Әкімшілікке рахмет. Айлығымызды төлеп жатыр. 

Руфат Ешметов те аталған бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек тапты. Алғашында орталық мамандары оған бір емес бірнеше қызмет ұсынған. Осылайша өзі білетін саланы таңдап, 4 айдан бері нәпақасын тауып, қалаған жұмысын істеп жүр.

Руфат Ешметов, қала тұрғыны:

- Тағы барсақ басқа жұмыстар береді деген ойдамыз. 

Елде карантин жарияланып, көптеген кәсіпорындар жабылғанда жұмыспен қамту орталығына жүгінгендер едәуір көбейген. Сәйкесінше, орталық тарапынан берілетін бос жұмыс орындары да артқан. Мәселен, осы жылы қала бойынша 220-дан астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік-мәдени обьектілер мен тұрғын үйлерді жөндеу және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңарту мен аулаларды абаттандыру бойынша жұмыс орындары ашылған.

«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы шеңберінде жұмысқа орналастыруда 29 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріледі. Орташа есеппен 120 мың теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұдан бөлек, азаматтар жұмысқа келгеннен кейін бірден жалақыға қосымша ретінде 85 мың теңге көлемінде ақы беріледі.

Нұрхан Нұрланұлы



Хабарламаларға жазылу