Шетелде оқыған 2 мыңнан аса студент елдегі ЖОО-ға ауысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде оқыған 2 мыңнан аса студент елдегі ЖОО-ға ауысты

14.09.2020

Шетелде оқитын 2 мыңдай студент еліміздегі жоғары оқу орындарына ауысты. Білім және ғылым министрлігі өкілдері мәселені реттеуді тамызда бастаған. Нәтижесінде жастар елге орала бастады. Оларды қолдау мақсатында жедел желі іске қосылып, құжат ауыстыру рәсімі жеңілдетілген. Студенттер мемлекеттік бағдарлама арқылы емес, өзге бағыттар бойынша білім алған. Басым бөлігі Еуропа мен Орта Азия елдерінен келді. Көбі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы оқу орындарын таңдаған. Мамандар шалғайдағы студенттерден тағы ұсыныстар болуы мүмкін екенін айтады. Себебі шетелде оқу кешірек басталады. 

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

- Ең бірінші себебі - пандемия, екіншіден ақылы оқығандықтан ақысыны төлеуге мүмкіндіктері болмады. Сонымен қатар қауіп-қатерге байланысты еліне оралғысы келетіндер көп болды.

Ал Ресей шетелдік студенттердің кіруіне рұқсат берді. Осы айдың соңына дейін арадағы шекара ашылған елдердің 1-курс студенттері білім алу үшін Ресейге бара алады. Тек коронавирустың таралу қарқыны жоғары елдер үшін әзірге рұқсат жоқ. Ресейдің ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков осылай деді.


Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу