Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды

14.09.2020

Биыл елде тұмауға қарсы екпе науқаны екі апта ерте басталды. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде тұмау өршіп, салдары қауіпті болуы мүмкін. Маусымдық тұмауға қарсы вакцинаны алғаш боп Денсаулық сақтау министрі салдырды . 

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

- Тұмауға қарсы екпені бірінші болып елдің бас дәрігері Алексей Цой салдырды. Жалпы бұл вакцина бізге таңсық емес. Ресейдің «Гриипол+» өнімі. Оны қазақстандықтар жыл сайын тұрақты түрде қолданып келеді. Биыл 2 млн 200 мың дозасы сатып алынған. Медицина саласының қызметкерлері, балалар мен қарт адамдар және диспансерлік есепте тұрғандарға екпе тегін салынады. Ал ақылы алушыларға 1 млн дозасы тағы бар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мен жыл сайын тұмауға қарсы екпені алуға тырысам. Тек бір жыл ғана ала алмай қалдым. Нәтижесін көріп жүрмін, ауырған күннің өзінде жеңіл өтеді. Вакцинаның сапасына күмән жоқ. Тиісті зертханалық сынақтардан өткен, қауіпсіз. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:  

- Екпе науқаны елде екі ай бойы жалғасады. Былтыр тұмаумен 430 мың адам ауырған. Оның 60 пайыздан астамы 14 жасқа толмаған балалар. Сол себептен, балабақша мен мектеп жасындағы балалар бірінші кезекте қамтылады. Жалпы биыл екпе жылдағыдан көбірек салынады. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да күрт өршіп кетуі ықтимал деп отыр мамандар.

Хабарламаларға жазылу