Шымкент қаласында соңғы үш тәулікте коронавирус жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмеді. Ал індеттің 2-ші толқынына дайындықтың 3 түрлі сценарий әзірленді. Бірінші жоспар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, науқастарға 1 мың 380 төсек орын дайын. Екінші, жағдай күрделене түссе, провизорлық және инфекциялық стационарларда төсек орын 4 мыңға дейін ұлғаяды.
Ал жұқпалы аурулар өршісе, яғни үшінші жоспарға сай науқастарға 5,5 мың орын әзірленеді. Пневмония диагнозын жедел анықтау үшін емдеу мекемелеріне 3 компьютерлік томография қондырғысы сатып алынды. Сондай-ақ ауруханалардағы жансақтау бөлімдеріне 700-ден астам оттегі тарату нүктесі орнатылды. Әрі дәрі-дәрмектің екі айға жететін қоры жасақталды. 6 зертхана іске қосылды. Қосымша тағы 2 зертхана сатып алу жоспарлануда.
Ғалымжан Әбіш, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ауруханаларда және провизорлық стационарларда оттегі сақтайтын 9 резервуар сатып алынып, дайындалды. Сонымен қатар 3 оттегі өңдеу станциясы орнатылды.
Ғани Қалмаханов