Сарыөзек-Көктал тас жолын ауыр жүк көліктері астан-кестенін шығаруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыөзек-Көктал тас жолын ауыр жүк көліктері астан-кестенін шығаруда

11.09.2020

Алматы облысында жергілікті цемент зауытының ауыр техникасы Сарыөзек-Көктал тас жолы мен Алтынемел асуының астан-кестенін шығарып жатыр. Республикалық маңызы бар жолмен қатынайтын жолаушылар осылай наразылығын айтып арнамызға хабарласты. 60 шақырымға жуық жолмен кәсіпорын күндіз-түні әктас тасиды. Салдарынан тегіс асфальт езіліп, жеңіл көліктердің жүруін қиындатуда. 

Кәсіпорын Жамансай кен орнынан әктас тасиды. Жолдардың жарамсыз қалып жатқанының басты себебі заманауи жүк көліктері ескі стандартпен салынған жолға есептелмеген. Бұл техниканың кейбірі 40-50 тоннаға дейін жүк тиеуге қауқарлы.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Тастарды шамадан тыс тиеген жүк көліктері асудан көтеріле алмай қалған жағдайда жол жиегіне жүгін осылай төгіп кете береді. Бұл өз кезегінде жол қозғалысына өте қауіпті. 

Жүк көліктері үздіксіз күндіз де, түнде де қатынайды. Жол-жөнекей олар өз бағытын жарамсыз етіп қана қоймай қарсы бағытқа шығып кетіп апатты жағдай туғызуда, - дейді жолаушылар. 

Серік Әбдірахым көлік жүргізуші:

- Ауыр камаздар тас тиеп, жолдың бәрін езіп, быт-шытын шығарып жатыр. Осыны бір көріп, Үкімет реттеп жолға салса деп ойлаймыз.

Жаңадан ашылып жатқан кәсіпорынның басшылығы мұндай мәселе бар екенін мойындап отыр. Бұзылған жолды жөндеуге де ниетті. Алайда республикалық маңызы бар жол болғандықтан барлық іс-әрекетті заңды түрде жүргізгенді қалайды. 

Болысбай Домбаев, серіктестік директорының кеңесшісі:

- «ҚазАвтоЖолға» біз өтінішпен, хатпен шығып отырмыз. Ол жақ әлі шешім шығармады. 

Ренат Мырзагелдиев «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының бас маманы:

- Қазіргі таңда ой-шұңқырларды жөндеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ЖШС Алматы облыстық филиалы бастап кеткендігін хабарлаймыз. Алдағы уақытта зауытпен бірігіп жұмыстар жүргізетін боламыз. 

Құзырлы орган өкілдері нақты қай уақытта зауытпен жұмыс істейтінін айта алмады. Алайда екі тарап жылдам келісімге келіп жөндеу жұмыстарын ерте бастап кетуі тиіс. Себебі алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу