721 мың салымшының 80% жинақтан алатын ақшаларын үй алуға жұмсамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

721 мың салымшының 80% жинақтан алатын ақшаларын үй алуға жұмсамақ

09.09.2020

Тұрғын үй бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Зейнетақы қорындағы қаржы белгілі топқа берілсе, нарықта сұраныс артады. Мұны компаниялар өз есебіне пайдаланып, баспана бағасын шарықтатып жіберуі ықтимал, - деп отыр сарапшылар.       

Зейнетақы қорындағы қаржыдан Ділшат та дәмелі. Баспана алу үшін алғашқы жарнаға жиғаны жетпей жүр. Ендігі үміті - зейнетақы жинағы. Бірақ, бірнеше жерде жұмыс істеп, қорға 10 жыл тұрақты салып отырса да, тізімге ілікпейтін түрі бар. 

Ділшат Жәнібек, қала тұрғыны:

- 2 млн 516 мың теңге болуы керек дейді. Менде ондай ақша жоқ. Жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл болды.

Ділшат сынды салымшылардың 95 пайызы қордағы қаржысын ала алмайды. «Бейнетінің зейнетін» аз ғана топ көреді. Бірақ, бұл бірнеше факторларға кері әсер етеді деп отыр сарапшылар. Айталық, аспандап тұрған үйдің бағасы тағыда қымбаттап кетуі мүмкін. Өйткені, 721 мың салымшының 80 пайызы жинақтан алатын ақшаларын үй-жайын реттеуге бағыттамақ. Демек, 1,4 трлн теңгенің дені жылжымайтын мүлік нарығына түседі.   

Бауыржан Ысқақов, экономист: 

-Үйлердің бағаларының өзі 30 пайызға қымбаттайды деген болжам бар. Сол үшін мемлекет бағаны сақтап қалуға шарт жасап қалуы керек.

Ал риэлторлар қауымдастығы керісінше бағаны тұрақтандыруға жол ашады деп отыр. Себебі, соңғы 6 айда тұрғын үйлердің сатылуы 16 пайызға кеміп кеткен. Ал сұраныс пен ұсыныс қатар жүрсе, пәтер құнын ұстап тұруға болады.

 Орынбасар Сатаев, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының кеңес мүшесі: 

- Бағдарлама жылдың аяғында қосылса сұранысты арттырады. Меніңше бұл бағдарлама бағаның күрт төмендеуіне, өсуіне де әсер етпейді. Бағаның тұрақталуына көп пайдасын тигізеді. 

Қалай дегенмен, бұл нақты нұсқа емес. Шарттары пысықталып жатыр, құжат жылдың аяғында бірақ қабылданады. 

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

 - Осы зейнетақы жинақтарын алу үшін азаматтар алдымен мемлекетке салық төлеуі тиіс. 10 пайыз. Жұртшылық бұл талапқа қатысты түрлі уәж айтып жатыр. Сарапшылар да салықты алып тастау керек деп отыр. Себебі, қазынаға қайткен күнде салық құрылыс компаниялары мен үй сататындардың есебіне түседі. Оның үстіне бұл дағдарысқа қарсы қолдау болғандықтан оған қол сұғу қаншалықты қажет? Қоғам қазір осыған алаңдаулы.   

Асима Нұрбайқызы

 



Хабарламаларға жазылу