Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы - ұзын ырғасы 6 ауданнан мал ұрлаған 2 қылмыстық топты ұстады. Олар былтырдан бері 20 ірі қара мен 58 жылқыны барымталап әкеткен. Оңай олжаны көздеген ұрылар 23 отбасының қорасына түскен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 40 миллион теңгеге жуықтайды. Тергеу барысында белгілі болғаны 5 адамнан тұратын бір қылмыстық топ ұрланған малдарды жүк көлігіне артып, тасымалдаумен айналысқан.
Ал, екінші қылмыстық топ малды өздерінің арнайы қора-жайларында жасырып ұстаған. Бүгінде осы іске қатысы бар 8 азамат ұсталды. Сондай-ақ ұрланған малдарды сатып алған 4 азамат та істі болды. Олардың барлығы Түркістан облысы және Шымкент қаласының тұрғындары. Күдіктілердің қорасынан 42 жылқы табылып, полицейлер оларды өз иелеріне қайтарды.
Сұлтанбек Үсіпбеков, Түркістан облысы полиция департаменті криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Бір қылмыстық топ үш адамнан, екінші топ бес адамнан құралған. Аталған топтың мүшелері бұған дейін бірнеше рет ұрлық қылмыстарымен сотты болған. Қазіргі таңда ұрлық фактісмен қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.