Мектеп оқушылары сабақ оқитын Zoom желісіне кибер шабуыл жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп оқушылары сабақ оқитын Zoom желісіне кибер шабуыл жасалды

08.09.2020

Ақтөбеде онлайн сабақ кезінде Zoom платформасы кибер шабуылға ұшырады. 6-ыншы сыныпта оқитын екі оқушының аккаунтынан белгісіз бір адам кіріп, ортақ чатқа бейәдеп сөздер жазған. Бұл жағдай ата-аналарды қатты шошытты. Қазір күдікті іздестіріліп жатыр. Тап осындай жағдай Алматыда да тіркелген. 

Ақтөбедегі №17 мектептің 6-ыншы сыныбы математика пәнінен кезекті онлайн сабаққа Zoom бағдарламасын қолданған. Сабақ үстінде белгісіз біреу оқушылардың атынан кіріп, айтуға ауыз бармайтын сөздер жазған. 

Амангелді Онғарбаев, №17 мектеп-гимназиясының директоры:

- Сабақ беретін зейнеткер мұғалім болған.

Гүлназ Мырзағалиева, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Балағаттау сөздерді айтқаннан кейін мұғалім бірден ол баланың атынан кірген адамды шығарып тастайды. Одан кейін ол екінші баланың атымен тағы кіреді. Әрекеттерін қайта қайталағаннан кейін Zoom платформасы жабылып қалады.

Бұл жағдайдан кейін ата-аналар Zoom платформасын мүлдем доғаруды талап етіп жатыр. 

Индира Жұмабаева, ата-ана:

- Менің де балам 6 оқиды. Балалар Zoom арқылы мүлдем оқи алмайды.

Қазір Ақтөбедегі мектептердің көбі BilimLand платформасын қолданады. Ал, Zoom-ды тек мұғалімдер өздерінің жиналыстарына ғана пайдаланады. Бағдарламаның тиімсіз тұстары көп екенін педагогтардың өздері де мойындап отыр. 

Шолпан Байәділова, №25 орта мектеп директоры:

- Zoom-ның кемшілігі сілтемені қатысушылар басқа адамдарға таратып жіберсе, кез-келген адам кіріп кетеді. Ол кірген адам басқа лақап атпен, видеоны қоспай, сөйлесе алады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында да осыған ұқсас жағдай тіркелді. Ол кезде де белгісіз біреу балағат сөз жазып, артынша анайы видеолар салған. Ақтөбедегі жағдайға байланысты қазір полицейлер күдіктіні іздестіріп жатыр.  

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу