Елорда іргесіндегі Қояндының маңын қоқыс басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі Қояндының маңын қоқыс басты

08.09.2020

Қояндының маңын қоқыс басып кетті. Елорда іргесіндегі елді мекеннің тұрғындары осылай деп редакциямызға шағым айтты. Айтуларынша, карьер ретінде қазылған жер қазір қоқыс полигонына айналған. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Кезінде жол төсеу үшін қиыршық тастар алынған карьер қазір полиэтилен қапшықтар мен құтылардың орнына айналған. Оның табиғи жолмен ыдырауына 500-ден 1000 жылға дейін уақыт кетеді. Сондықтан бұл жерді қазір тазартпаса, оның табиғи жолмен тазаруына кемінде 500 жыл керек.

Карьер ауылдың шеткі үйінен 100 деген метр қашықтықта орналасқан. Желді күні жеңіл заттар жапырақтай ұшып, көшелер мен аулаларды ыбырсытып жібереді.

Индира Әлжанова, Қоянды ауылының тұрғыны: 

- Мен тұрғалы 5-6 жыл болды содан бері арпалысып келеміз. Төгуді тоқтатып, мынаны жауып, тегістеп берсе, басқа ештеңе керек емес.

Карьерге тұрмыстық қоқыс, малдың қиы, құрылыс заттары, көліктің бөлшектері де тасталған. Тіпті аттап бассаңыз өлексеге жолығасыз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Қоқыс алаңына айналған карьерде қолқаны қабатын сасық иіс те бар. Оның себебі де белгілі. Тұрғындар малдың өлекселерімен қатар терілерін де төгіп тастаған.

Ауыл үйлерінің қоқысын шығаратын қызметкерлермен де сөйлестік. Дегенмен олар қалдықтарды қайда төгетіндерін айтудан жалтарды.

Коммуналдық қызмет көрсететін компанияның директоры қоқысты заңсыз төгетін тұрғындардың өздері деп отыр. Ауылда 3,5 мың үй бар. Коммуналдық қызметпен шарт жасасқандардың саны осының жартысына да жетпейді. 

Ақынтай План, Коммуналдық қызмет көрсету компаниясының директоры:

- Қазір бізде шартта отырған 1300 үй бар. Қалған үйлер шартқа отырмаған. Себебі олар төлегісі келмейді. Ескерту жазып береміз.

Тұрғындардың базынасын жеткізбек болып әкімдікке де бардық. Ауыл басшысы орнында жоқ. Халықтың тілегін қарамағындағы қызметкерлерге айтып өтуден басқа амал болмады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу