Жалған есеп салдарынан аң-құс азайып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған есеп салдарынан аң-құс азайып барады

08.09.2020

Елімізде күзгі аңшылық маусымы басталды. Алайда Жамбыл облысының табиғат қорғаушылары жабайы аң-құс бақай есептің құрбаны болып кетуі мүмкін екенін айтады.

Жамбыл облысының табиғат қорғаушылары жабайы аң-құстардың саны күрт кеміп кетті деп дабыл қағуда. Оған себеп - өңірдегі аң шаруашылықтары аң атуға арналған рұқсат қағазды көбірек сату үшін аң-құстардың санын артық жазып келген. Ал аң шаруашылықтарындағы есеп-санақ жұмыстарын қадағалауы тиіс аумақтық инспекция бұл жұмыстарға енді кіріскен. Қазір облыстық прокуратура да табиғат пайдаланушыларын жан-жақты тексеруді бастады.  

Табиғат жанашырларының айтуынша, жалған есеп беру жалғаса берсе, облыс аумағындағы орман-тоғайларда жабайы аң-құс қалмайды. «Аң шаруашылықтарының бұл әрекетіне жылдамдатып тосқауыл қою керек», - дейді облыстық табиғат қорғау кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев.  

Ерназарбек Жантаев, Облыстық табиғат қорғау кеңесінің төрағасы: 

- 100 елік болса, 15-ін олжалауға алады. 100 таутеке болса, соның 10-ын олжалап алады. Осыдан есеп-санақ жұмыстары күмәнді жағдайда болады.

Жамбыл облысында қазір 46 аң шаруашылығы бар. Олар мұндағы жан-жануарларды қорғаудан бөлек аң-құс санының артуына да мейлінше мүмкіндік жасауы міндетті. Тіпті, жабайы жануарларға жем-шөп салып отыратын астауы қарастырылуы шарт. 

Сәбит Әлдебай, тілші:  

- Ережеге сәйкес аңшылық шаруашылықтардың өзінің шекаралық белгілері қойылуы керек. Алайда мамандар ондай міндеттемелер толық орындалмай келеді,- дейді. Прокуратураның тексерісі нәтижесінде 46 аң шаруашылығының 13 осындай міндеттемелерді орындамай отырғаны анықталған. 18 су айдындарының 49 да осындай олқылықтар анықталған. Мамандар олардың табиғатты пайдалану келісімшартын бұзуға ұсыныс тастаған және олардың ісі сотқа жолданып отыр.

Енді табиғаттағы жабайы жануарлар қорын есептеуге арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кіріспек. Қазір санаққа қатысатын азаматтардың құрамы анықталып жатыр. Ал, аң шаруашылық өкілдері болса, жауапты жұмысқа қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді қатыстыруға құлықсыз.

Ал орман шаруашылығы мамандары мылтықтың дауысы жиі есітілетін аң шаруашылықтары аймақтарынан жан-жануарлардың табиғи қорық аумағына рұқсат қағаз көшіп жатқанын байқаған. Бұған зоология институтының қызметкерлері спутниктік бақылау құралдары мен фототұзақтардың көмегімен көз жеткізген. Жеке аң шаруашылықтары жіті қадағалауға алынбаса, бар аң-құс бақай есептің құрбаны болып кетуі ғажап емес.

Сәбит Әлдебай 

Хабарламаларға жазылу