Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыс 8 пайызға артты. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты. Жазаға тартылғандардың саны артқанымен, жәбірленушілердің қатары көбеймеген. «Аталған қылмыстар бұрынғыдан кеңірек тергелетін болды», - деді Ахметжанов.
Мәселен, қылмысты жасырды деген айыппен бір дерек бойынша 60 адам жауапқа тартылған. Еске салсақ, Мемлекет басшысы педофилия бойынша жазаны қатаңдатуды тапсырған еді.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Егер мына жабық мекемелерде, интернаттарда, дәрігерлер жыныс қатынасы бар фактілерді жасыратын болса, оларға да қылмыстық жауапкершілікті көздегенбіз. Ол да өз әсерін беріп отыр. Сондықтан 8 пайызға өсіп отыр.
Бас прокурордың орынбасары сондай-ақ есірткі тасымалы үшін Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылыған Ақжарқын Тұрлыбайдың жазасын елде өтеу мүмкіндігі барын айтты. Ол үшін Тұрлыбайдың өзінен өтініш түсуі керек. Әзірге отандасымыз ондай ықтияр білдірмеген.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Қытаймен сотталған азаматтармен алмасу туралы екіжақты келісім бар. Оның бірінші шарты – жазаны өз елінде өтегісі келетіні туралы жазбаша өтініш керек. Іс келісімге сай келсе, Қытай еліне ресми хабарлама жолдаймыз.
Азамат Алдоңғар