Еуропарламент депутаты Жолдауға пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропарламент депутаты Жолдауға пікір білдірді

08.09.2020

«Мемлекеттік қызметті реформалау, кәсіби бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппарат құру - елдің қарқынды дамуына сеп». Бұл туралы еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспанмен кездесу барысында Еуропарламент депутаты Рышард Чарнецки мәлімдеді. «Еуропалық Одақ-Қазақстан» Достық тобының төрағасы Қазақстан елшісімен Жолдаудың басым бағыттарын талқылап, парламентаралық достықты, саяси диалогты онан әрі күшейту жайын пысықтады. Саясаткер қазақ үкіметінің пандемияға, дағдарысқа қарсы бағдарламаларына жоға баға беріп, Батыс жұрты қазақ елінің бастамаларына қолдау көрсететінін жеткізді.

Рышард Чарнецки, «Қазақстан-Еуропалық Одақ» достық тобының жетекшісі, Еуропалық Парламент депутаты:

- Бұл тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, халықаралық қауымдастық үшін керемет Жолдау болды. Себебі,Қазақстан - аймақтағы алып мемлекет. Елдегі саяси-экономикалық реформалардың сәтті жүргізілуі Еуропалық Одақ үшін, инвесторлар үшін өте маңызды. Реформалардың тиімділігі, ұтымды шешім қабылдау - елдің алға қарай қарыштауының кепілі. Осындай мазмұнды Жолдау жасағаны үшін Президент Тоқаевты құттықтаймын. Бұл- елдің саясатын ұзақ мерзімге жоспарлаудың озық тәжірибесі.

Пандемияға байланысты дипломаттарға Еуропарламент ғимаратына кіруге, үлкен жиындар ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Сондықтан еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан Еуропарламент депутаты, әрі парламентің Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының мүшесі Никлас Ниенасспен Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауын онлайн талқылады. «Жасылдар» партиясының өкілі Президенттің орман алқаптарында 2 млрд-тан астам, ал елді мекендерде 15 млн-нан астам ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Еуродепутат Қазақстанның жасыл экономиканы дамытып, көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағытталған бастамасын қолдап отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу