Аяғы ауыр әйел мен 3 жасар баланы қағып кеткен «Lexus» жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері хабарлады.
Оқыс оқиға 20-маусымда болған. Анасы мен баласы Жансүгіров пен Жұмабаев көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатып, жүйткіген «Lexus»-тың астына түскен.
Көлік жүргізушісі - Алматы облысы Ұйғыр аудандық Салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев.
Ол жапа шеккен әйел мен оның баласын оқиға орнында тастап қашып кетпек болған. Қуыс көшелердің біріне бұрылған «Lexus»-ты оқиға куәгерлері көліктерімен қоршап, тырп еткізбепті.
Ауыр жараланған жүкті әйел бірнеше сынықпен ауруханада жатыр. Ал, 3 жасар сәбидің халі мүшкіл. Қазір комада жатыр.
Кінәлі шенеунік Қылмыстық Кодекстің 3 бабы бойынша заң алдында жауап беретін болады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
Қазіргі таңда «Lexus» маркалы көлік тізгінінде 1958 жылы туған Талғар ауданының тұрғыны болғаны анықталды. Ол рөлге мас күйінде отырған. Тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық Кодекстің 3 бірдей бабы бойыншы іс қозғалды. Қызметтік шеніне, қоғамдағы орнына қарамастан, жасаған қылмысы үшін заң бойынша жауап беруі тиіс.
Дәурен ДАРИЯБЕК