Астанада балабақшадан 3 жасар бала жоғалып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада балабақшадан 3 жасар бала жоғалып кетті

24.06.2014
Астанада балабақшадан 3 жасар бала жоғалып кетті
Астанадағы  №19 балабақшадан 3 жасар бала жоғалып кетті. Оқиға таңертеңгілік кезекті тамақтанудан соң болған.
 
Балабақша қызметкерлері бүлдіршіннің жоғалғанын ішке кіргізерде бір-ақ байқаған.
 
Балабақша меңгерушісі бастапқыда бізге қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.
 
Мәселенің ушығып кетуінен сескенді ме, кейін ақпарат беруге өздігінен келісті.
 
Алмагүл Төлеуқызы, №19 балабақша меңгерушісі:
Ол баланың бізге келгеніне бір жыл болды. Бұрын мұндай оқиға болмаған.
 
Меңгерушіден сұхбат ала беруіміз сол-ақ екен, баланың табылғаны хабарланды.
 
Жазира Шарапат, ата-ана:
Сағат 08.15-те алып келдім. 11-де үйге келіп, Назым шығып кетіпті, балабақшада жоқ, деп айтты. Содан бастап іздедік. Лесозаводтан алып келдік.
 
Арнұр Маханов, Сарыарқа аудандық ІІБ инспекторы:
Бізге ақпарат келіп түсті. Теміржолдың ар жағынан Ташкент көшесінің бойынан табылды. Қандай іс жүргізілетіні анықтау кезінде белгілі болады.
 
Ал, айдың-күннің аманында баласын жоғалтқан ата-ананың балабақша қызметкерлеріне өкпесі қара қазандай.
 
Олар баланың жоғалуына тәрбиеші мен күзетшінің салғырттығы себеп, деп санайды. Балабақшада баланың кірген-шыққанын тіркейтін құрылғы орнатылмағаны тағы бар. Мұны басқа да ата-аналар құп көрмейді.  
 
Айтмұхамбет Маханов, ата-ана:
Бұл жерде ешқандай қауіпсіздік жоқ. Қоршаудың асты ашық, бейнебақылау орнатылмаған. Сондай кемшіліктерді есепке алу керек қой.
 
Жоғалған баланың ата-анасы білім беру мекемесіне бас сұқты. Тиісті мекеме қызметкерлерінен болған оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме беруді сұрады.
 
Эльмира Ибраева, Астана қаласы Білім басқармасының қызметкері:
Полицияға хабарладық. Баланың тұрып жатқан мекенжайына барған. Одан соң табылғаны жөнінде хабарлады.
 
Дәрігерлердің айтуынша, қазір бүлдіршіннің жағдайы жақсы. Алайда, 5 сағат нәр татпаған бала әлі ортаға сіңісе қоймады.
 
Дулат ӘБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу