Денсаулық сақтау министрлігі ВИЧ инфекциясына талдау жүргізу талабын өзгертетін болды. Сот шешімімен енді бұл талдауды министрлікке қарасты ЖИТС орталықтарымен қатар жекеменшік зертханалар да жасауға мүмкіндік алды. Бұған дейін жеке медициналық мекемелер: «Талдау жүргізіп, диагностика қоюға мемлекет миллиардтап ақша бөледі, ал инфекцияны зертханалық талдау жасауға тек министрлік бекіткен орталықтарға рұқсат берілген. Бұл қасақана жасалған кедергі»,- деп шағымданған еді.
Монополияға қарсы комитет өкілдері жеке зертханалардың шағымына орай арнайы тексеріс жүргізді. Денсаулық сақтау басқармалары министрліктің бұйрығын сылтауратып, лицензияларды беруден бас тартқаны анықталды. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес министрлік ВИЧ талдауларын жүргізуге қойылған шектеуді алып тастауға міндеттелді.
Ирина Петренко, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының орынбасары:
- Инфекцияға талдау жасау тек қан талдамасын алумен шектелмейді. ЖИТС орталықтары бірінші кезекте науқасқа көп көңіл бөледі. Пациентпен әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ аурудың себебін анықтау, есепке алу, терапия жүргізу және ары қарайғы мониторинг жүргізіледі. Әрі науқастар туралы бүкіл ақпарат орталықтың бірегей жүйесінде қорғалған.