COVID-19, осы вируспен байланысты пневмониядан абыржып, аһ ұрып, әсіресе моральдық жағынан қатты шаршаған жаз да аяқталды. Дәрі мен арнайы аппарат тапшылығы, ауруханаларда орын жетпеу, тиісінше, адамдарымыздан айырылып қалуымыз... Ешнәрсеге қарамай, қаншама мың адамның жазылып шыққаны - жаздың қалай өткенін білмей де қалдық.
Бірден ресми статистиканы келтіре кетейін:
COVID-19 бойынша 13 наурыз бен 6 қыркүйек аралығында расталған жағдай - 106 301, жазылып шыққандар- 99 523, қайтыс болғандар - 1588.
COVID-19 белгілеріне ұқсас пневмония бойынша 1 тамыз бен 5 қыркүйек аралығындағы мәліметтер: расталған жағдай - 27 623, жазылып шыққандар - 5957, қайтыс болғандар - 313.
Әрине, ресми тіркелмеген, осы вирусты жұқтырғаны ресми хатталмаған адамдар бар екені рас. Ал ауылдарда не болғанын сол ауылдағылар ғана біледі.
Қыркүйекте жаңа оқу жылы ғана емес, жаңа саяси маусым да басталатынын білеміз. Жаңа оқу жылының алғашқы аптасы туралы сәл кейін. Алдымен жоғары атқарушы биліктің не істейтіні туралы.
Республика Президенті Қ.Тоқаев Парламент Палаталарының кезекті сессиясы ашылған бірлескен отырыста Жолдау жариялағанда бірінші кезекте мемлекеттік басқару жүйесіне тоқталғаны мәлім.
Пандемия кезінде жедел шешімдер қабылдау керек болды. Екінші жағынан, мәселені таразылап, жағдайдың қалай болатынын болжай алудың аса, тіпті өте-мөте маңызды екені көрінді. Денсаулық сақтау министрлігінің көктемдегі болжамы жаз басында күл-талқаны шықты. Әрине, төтенше жағдай алынып, карантин босаңсығанда көпшіліктің вирус жоғалып кеткендей тіршілік қылатынын болжай алмаған шығар. Дегенмен, ахуалды бағамдайтын анализдердің терең болмауының кесірінен де адамдар дәрі іздеп аласұрды. Адамдар бір-біріне көмектесіп, әміршілдік-әкімшілік жүйені жұп-жұмсақ қылып айтқанда, сынады... Президенттің өзіне бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдауының бір себебі осы сияқты көрінеді.
«Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс», - деді Президент.
Ал Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті агенттік құрамына берілетінін айтқаны - бұл комитет шынайы мәліметтер базасына айналатын шығар деген ойға жетелейді. Себебі адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әл-ауқатын арттыруда арқа сүйейтін аргументтер қайдан алынады екен деген сұрақ бар.
Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек» дегені - жұрттың қалағаны.
Мысалы, адамдар бүкіліміз төлейтін салықтардың, яғни бюджеттің қандай принциппен бөлінетінін, қалай бөлінетінін және оның қалай игерілетінін білгісі келеді.
Президент мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауды, мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін жедел қысқартуды тапсырды.
Биыл 10, ал келесі жылы 15 процентке қысқартылады. Үнемделген қаражатты қалған қызметкерлердің жалақысын өсіруге жұмсамақ. Мың сан жұмыс артылған, бірақ жалақысы аз қызметкердің қалай жұмыс істейтіні белгілі – көбіне жұмыс істеп жүргендей кейіп танытады, кейбірі коррупциялық әрекетке барады.
Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құрылатыны үнем бағытына қайшы еместігі түсінікті. Мысалы, экономиканы монополиядан арылту ірі монополистердің, «сойқан ойыншылардың» алаңына кіру. Оларға бұл ұнамайды. Сондықтан барынша қарсыласады.
Ал біз елімізде шағын және орта бизнестің дамығанын қалаймыз. Себебі шағын және орта бизнес өркендесе, орта тап көбейеді, ал орта тап үлесі көп болса, мемлекеттің іргетасы шайқалмайды.
Сонымен Президенттің пайымынша, еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек:
1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі;
2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі,
3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу;
4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру;
5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту;
6. Жасыл экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау;
7. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу,
«Керек» туралы Данияр Қайыртай жалғастырады.