Елімізде тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр

05.09.2020
0:00:00
0:00:00

«Сізде қыз бар, бізде ұл бар» деп қуаныштың басын бастайтын ата-апалар бұрын қалай жөн-жоралғы жасаса, бүген де сол. Біз шаншар дейтін дәстүрді қолданбағанмен мың жылдық туыс болатын құдалыққа ешкім қой деген жоқ. Той жасамаңыз, үйге үйіп қонақ шақырмаңыз деген ескертпелердің елге ескертілгеніне жарты жылдан асты. Құлақ асқандар жоқ деуден аулақпыз. Қоғамның қауіпсіздігі үшін, қуаныштың арты қазаға апармауы үшін той-томалақты кейінге ысырып, ысыраптан тыйылған ақылды ағайын аз емес. Бірақ таяқтың екіұшы бар. Екінші ұшындағылардың қауашағында не барын білу мұңға айналды бүгінде. Өйткені болмайды дегенді болдырып, аулаға құрал қондырып, қақпаны іштен бекітіп, той жасап жүргендер тым көп. Оның бейнежазбаларын сағат сайын көріп жүрміз. «Көлікті ауланың алдына қоймаңдар, тәртіп сақшылары біліп қойса, айыппұл салады, той ауласына топпен кірмеңдер күмән тудырады» деп тап бір шайқас алаңында стратегия құрғандай, келетін қонақтарға нұсқаулық беретіндерін қайтерсің. «Тойға барсаң, бұрын бар, бұрын барсаң, орын бар» деген сөзді ту етіп, кешікпей той ауласына еніп кетуге тырысатын қонақтар не ойлады екен деп ойланасың отырып? Денсаулығымыз, өміріміз өзімізге керек екенін ұмытқандай көрінеміз кейде? Өйткені қазір сұмдық жағдайларды көрсетеміз. Қарапайым ағайынға айыпты арта бермей, елдің еркесі боп жүргендердің тырнақшаның ішіндегі еркелігін әшкере қыламыз. Жұлдыздардың жұлдызы бар қорғаушылары туралы ақиқат айтылады. 

Мына ақпаратты қараңыз. БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі растаған ақпарат. Цитата: «Банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, салтанатты, отбасылық, мерейтойлық, салттық және басқа да көпшілік іс-шаралар, соның ішінде үйде өткізілгендігі туралы расталған фактілер туралы хабарламалар үшін 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленеді». 102 немесе 112 нөміріне хабарласса болды. Бұл құзырлы орындардың амалсыздан барған шарасы. Өйткені әркім өз денсаулығын ойласын, тойлайтын емес, ойлайтын кезеңдеміз дегенді пысқырмағандарды бұлай жүгендемесе, басқа амал қалмады. Денсаулық туралы айтқанда ақ халаттылар ант беретін Гиппократтың сөзін мысалға келтірейін. Болашақта денсаулыққа қауіптің тойдан болатынын білді ме екен, әйтеуір былай деп жазып қалдырыпты: «Той, даңғазашылдық пен ештеме істемеушілік адамды аздырады, денсаулықтан айырады, қайта ақыл-ойдың бір нәрсеге талпынуы өмірбақи тұрмысты нығайтуға бағытталған қайратқа мінгізеді», -деген. Бүгін құзырлы орындар тұрмақ, Гиппократтың айтқанын елемей, есі кетіп той жасап жүрген елге танымал тұлғалар мен танылғысы келмей тығылып тойлаған топтардың әрекетін Мақпал Сержанқызы сараптап көрді. Жасырын камерамен де барды. Әнші мен актердың ақталуы, ақсақалдардың сөгіп сөйлеген сөзі, ақшасын алса, ағайынның амандығын көк тиынға бағаламайтын мейрамхана әкімшілігі... Дәлел мен дәйекті бірге көрейік.

Хабарламаларға жазылу