Мемлекет қазақстандықтардың пәтерақысын төлеуге көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет қазақстандықтардың пәтерақысын төлеуге көмектеседі

03.09.2020

Зейнетақы қорындағы ақшаны алудың шарттары белгілі болды. Бүгін Үкіметте вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған министрлер Президент Жолдауын іске асыру барысы туралы баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын келер жылдан бастап алуына болады. Оған кімдер үміт арта алады? 

Зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін алу мәселесі көпшілікті толғандырып жүргені анық. Өйткені қарттығым қамсыз өтсін деп қорға ақша жинағанымен, оны үй алуға немесе емделуге жұмсағысы келетіндеп көп. Президент бұл істі шапшаңдатуды тапсырғаны сол еді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақшаны алудың ережесін жариялап жіберді. «Бұл жолы салымшылардың жынысы мен табысына қарай бөлмей, шарттарды жеңілдеттік», - дейді министр. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Кімдер қандай жағдайда жинақтарының бір бөлігін ала алады? Біріншіден, ол жұмыс істеген, жұмыс істеп жүрген біздің азаматтар. Яғни, БЖЗҚ-да жарналары бар азаматтар. Егерде олардың жинаған соммасы жеткіліктік шегінен асып жатса. 

Ал жеткілікті шегі деген қанша? Ол әр адамның жасына қарай есептеледі. Мысалы 30 жастағы азаматтың шотында кемінде 2 миллион 518 мың теңге, ал 35 жастағы азаматтың шотында 2 миллион 961 мың, 40 жастағы салымшыда 3 миллион 437 мың теңге қалып тұруы тиіс. Яғни адамдар бұл ақшаға тисе алмайды. Одан артылғанын ғана алады. Сөйтіп оны емделуге, үй алуға, жөндеуге, ипотеканы жабуға және қаржы компаниясының басқаруына берсе болады. Тіпті зейнеткерлер де жинағының 50 пайызына дейін алу мүмкіндігі бар. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Оның ішінде құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне де тарайтын болады. Бұл жерде бір ғана шарт болады. Ол зейнетке шыққан азаматтардың мына мемлекеттен алып отырған зейнетақысы мен жинақтаушы қордан алып отырған зейнетақысын бәрін қосқан кезде оның зейнетке шықпай тұрған кездегі табысының 40 пайызынан кем болмауы керек. 

Алдын ала есеп бойынша елімізде жинағының бір бөлігіне үміт арта алатын 721 мыңнан астам адам бар. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана кезегін сарыла күткен 100 мың отбасыға да көмек көрсетіледі. Вице-премьердің айтуынша, мұндай жанұялардың пәтерақысы 80 пайызға дейін мемлекет есебінен субсидияланады. Тіпті осындай әлеуметтік қолдаудың дер кезінде көрсетілуін реттейтін арнайы кодекс қабылданбақ. 

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Бүгінгі таңда елдің әлеуметтік қауіпсіздігі 17 заңмен және ондаған актілермен реттеліп отыр. Алда қағазбастылықты азайтып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсаты тұр. Осыған орай Үкімет елдің бірыңғай Әлеуметтік кодексін әзірлеуді жоспарлап отыр. 

Бұл мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін де шапшаңдатады. «Сөйтіп Президент айтқандай, адамдар емес, деректер жүгіреді», - дейді Тоғжанов. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Ал зейнетақы қорындағы ақшаны шешу үшін қазірден қорға барудың қажеті жоқ. Өйткені бұл келесі жылы іске асатын шаруа. Айта кетерлігі, үй алуға ақшаны алу ережесін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі,ал емделу үшін қордағы ақшаны алу тәртібін Денсаулық сақтау министрлігі әзірлейтін болады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу