Бала сүйе алмай жүргендер «Аңсаған сәби» бағдарламасынан үмітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала сүйе алмай жүргендер «Аңсаған сәби» бағдарламасынан үмітті

02.09.2020

Қазақстанда әр алтыншы ата-ана бала сүю бақытына зәру. Бұрын бедеулік дерті әйел адамдарда көп тіркелсе, қазір ер азаматтар да белсіздік белең алды. Дегенмен дерттің дауасы жоқ, емес бар. Жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға соңғы он жылда мемлекет квота бөле бастады. Бірақ оның саны аз, ал ақылы қызметтің құны аспандап тұр. Кезекте тұрғандардың ендігі үміті «Аңсаған сәби» бағдарламасында. 

Магомедовтар отбасының әр таңы сәбиді ойлаумен атады. Алайда балалы болу бақыты бұйырмай жүр. Ерлі-зайыптылардың ем іздеп бармаған жері қалмады. 

Ержан Магомедов, қала тұрғыны: 

- Алты жыл болды бала жоқ менде, бала болмай жатыр. Квота - мүмкіндігіміз.

Қазақстанда отау құрғандардың 15 пайыздайы бала сүйе алмай жүр. Кінәрәт ер мен әйел де бірдей. Мамандар мұның себебін, инфекциялық қабыну, дұрыс тамақтанбау, гармональды өзгеріс және экология деп түсіндіреді. Одан айығудың жолы ұзақ ем-дом қабылдау немесе жасанды ұрықтандыру тәсілі. Ал мұқтаждарға квота беру үшін әр өңірде арнайы бөлім ашылған.

Жанаргүл Шаримхан, көпбейінді қалалық ауруханасы әйелдер денсаулығы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бір жылдың ішінде жүктілік болмаса немесе жүктіліктің проблемасы болса, жергілікті амбулоториядан жолдама алып бізге келу керек. Әрі қарай зерттейміз. Жүктіліктің болмау себебін анықтаймыз. 

Ал ұрықтандырудың ақылы құны аспандап тұр. 850 мыңнан басталады. Бұған ақшасы жетпегендер кезегін жылдап күтуге мәжбүр. Елімізде 10 жыл бұрын тек 100 квота үлестірілетін. Биыл 1000-ға жетті. Бірақ бүгінде бедеулік бойынша 10 мыңға жуық әйел диспансерлік тізімде әлі тұр. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. 

Әйгерім Лебаева, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ана денсаулығын қорғау және босандыруға көмек бөлімінің басшысы:

- 78 квота бөлінді. Оның тиімділігі 30-35 пайыз болып келеді. 

Осы мәселелерді ескерген Президент «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Енді жылына 7000 отбасының сәбилі болуына мүмкіндік бар. 

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог:

- Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр. Күтпеген жағдай болды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Тәжірибелі маман перзентті болғысы келетіндер қатары бұдан да көп,-дейді. Тек олардың тізімі түзілмеген. Яғни бедеулікпен ауырғандардың ортақ базасы жоқ. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тек квота мәселесі емес, бала сүйе алмай жүргендердің де нақты санын шығарып, қажетті көмек беру жағы шешілуі керек, дейді мамандар. Қазір тараптар арнайы ұсыныстарын әзірлеп жатыр.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу