Үкімет Президент жолдауының басты бағыттарын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет Президент жолдауының басты бағыттарын талқылады

02.09.2020

Үкімет Президент Жолдауындағы маңызды міндеттерді орындауға кірісті. Бүгін шұғыл жиын өткізген Премьер-Министр Асқар Мамин қол астындағыларға Мемлекет басшысының тапсырмасын көп созбай іске асыруды тапсырды. Сол ауқымды міндет бойынша шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп, экономикалық өсім қалпына келтірілуі керек. Жұрттың әл-ауқатын арттырып, жұмыспен қамту да басты назарда. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Президент Жолдауының іске асуына жауапты Үкіметте қазір қызу қарбалас. Өйткені уақыт тығыз. Оның үстіне жүктелген міндеттер өте ауқымды. Сол үшін Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған министрлер кабинеті осы шаруаны қалай іске асыратындарын айтып берді. 

Әсіресе, Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген шаруа көп. Инвестиция тартып, 2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 35 пайызға жеткізуі керек. Ол үшін бизнеске қолдау қажет. Сондықтан салық пен түрлі төлемдердің саны азайып, карантиннен зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесі субсидияланбақ.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде мемлекет пен квазимемлекеттік сектордағы жылжымайтын мүлік объектілері бойынша шағын және орта бизнес үшін жалдау төлемақысын есептеу жыл соңына дейін тоқтатыла тұрады.

Ұлттық банк кәсіпкерлердің қайта аяққа тұрып кетуі үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлмекші. Әрі шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы келесі жылдың соңына дейін ұзартылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылдық жаңа жоспарын әзірлеуі керек. Ол құжат мынаны көздейді: 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бірінші – ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен молықтыру. Ауыл халқының табысын өсіру, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Агроөнеркәсіп өндірісінің өнімдері экспортын екі есеге ұлғайту. 

Жалпы Жолдаудағы міндеттер өте ауқымды. 2025 жылға дейін республикалық барлық 24 мың шақырым жол тақтайдай болуы керек. 20 көпбейінді аурухана салынып, жыл соңына дейін тұрғын саны 250-ден асатын ауылдардың барлығы интернетпен қамтылуы тиіс. 30-дан астам қажетсіз анықтама алынып тасталып, мемлекеттік қызметтерді алу жеңілдей түспек. Келер жылдан бастап ұстаздардың жалақысы да 25 пайызға өседі. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы қыркүйектен дәптер тексергені үшін үстемақы екі есе, сынып жетекшілігі үшін үстемақы еке есе артатын болады. Және магистр дәрежесі бар мұғалімдер 27 мың теңге жаңа үстемақы алатын болады. 

Ал Үкімет басшысы Жолдаудағы тапсырманы орындау – экономиканы дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады дейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын тиянақты іске асыруды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бәсекеге қабілетті нақты секторды дамыту және экспортты әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Азаматтардың әл-ауқатына баса мән беріледі. Яғни тұрғын үйдің қол жетімділігі қолайлы отбасылық демографиялық жағдай. Қолайлы экология қолжетімді және сапалы білім беру денсаулық сақтау жүйелері басты назарда болмақ. 

Президент тиімсіз жобаларды азайтып, ақшаны оңды-солды шашуды доғару керектігін де айтқан. Сол үшін бюджетті жоспарлаудың жаңа жүйесі әзірленеді. Бюджет демекші қазына қаржысының қолды болуына жол бермеу үшін жауапты министрлік келер жылдан бастап лауазымды адамдардың отбасы мүшелеріне шетелден шот ашуға заңмен тыйым салмақ. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Осы және өзге ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі жалпыұлттық жоспар әзірлеп жатыр. Ол алдағы дүйсенбі күні дайын болуы керек. Сөйтіп осы басты стратегиялық құжат бойынша министрлер мен әкімдер алдағы бір бойы жұмыс істеуі керек. Оны Премьер-Министрдің өзі қатаң бақылайтынын ескертті.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу