Еңбек министрі зейнетақы жинағының бір бөлігін кімдер пайдалана алатынын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек министрі зейнетақы жинағының бір бөлігін кімдер пайдалана алатынын айтты

02.09.2020

721 мың қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Бұл шамамен 1,4 триллион теңге. Бірақ салымшы жинақтағы қаржысының бәрін алуға құқы жоқ. Тек 50 пайызға дейінгі сомасы ғана беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келер жылы бұл тізімге кімдердің ілігетінін айтты. 

Министрдің мәліметінше, олардың қатарында жеткілікті мөлшерде жинағы бар 530 мыңдай жұмыс істейтін қазақстандық, 178 мыңнан астам зейнеткер бар. Мұнан бөлек сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан 13 мың адам да осы топқа кіреді. 

Еске салайық, Президент Жолдауында тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе білім алуға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырған. Сәйкесінше барлық қажетті нормативті-құқықтық актілер жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

- Бүгінге мақұлданған тұжырымдамалық шешім бар. Зейнетақы төлемдерінің есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту қағидаларын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу