Үкімет Президент жолдауындағы маңызды міндеттерді орындауға кірісті. Бүгін министрлерді жинаған Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жайына тоқталды. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, экономикалық өсімді қалпына келтіріп елдің әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту да басты назарда.
Досжан Маратұлы, тілші:
- Үкіметте қазір қызу қарбалас. Өйткені уақыт тығыз. Оның үстіне жүктелген міндеттер өте ауқымды. Сол үшін Премьер-Министр бастаған министрлер кабинеті бүгін осы шаруаны қалай іске асыратындарын айтып берді.
Әсіресе, Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген шаруа көп. Жолдаудағы маңызды міндетті жүзеге асыру үшін Жалпыұлттық жоспар әзірлеп, экономикалық өсімді қалпына келтіруі керек. карантиннен зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесі субсидияланады. Ал Ұлттық банк олардың қайта аяққа тұрып кетуі үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлмек. Шағын- орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы келесі жылдың соңына дейін ұзартылады. Салық азаяды. Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын тиянақты іске асыруды тапсырды.
Ал ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа жоспарын әзірлеуге кірісті. Бұл құжат еңбек өнімділігін екі жарым, ал экспортты 2 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді дейді сала министрі. Әрі бюджетті жоспарлаудың жаңа жүйесі әзірленеді. Бюджет демекші қазына қаржысының қолды болуына жол бермеу үшін лауазымды адамдардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салынатыны да айтылды. Жолдаудағы міндеттер өте ауқымды. Оған сай 2025 жылға дейін еліміздегі барлық жолдар тақтайдай болуы тиіс. 20-дан астам аурухана салынып, тұрғындар саны 250 адамнан асатын ауылдардың барлығы интернетпен қамтылады.
Ішкі істер министрлігін де реформа күтіп тұр. Денсаулық сақтау саласына қатысты да жаңалықтар көп.