Президент шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды

01.09.2020

Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінуде. 

Сондай-ақ Президент осынау қиын кезеңде мемлекет тарапынан бизнесті қолдау шаралары жалғасатынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыруға бағытталған бағдарламасын 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды тапсырды. Ол үшін 200 млрд теңге бөлінбек. Қасым-Жомарт Тоқаев осынау күрделі кезеңдегі басты міндетті де айқындады. Ол – әлемдегі эпидахуал салдарынан әлсіреп қалған экономиканы көтеріп, өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы саладағы табыстарымызға қарамастан ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісі шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада өңдеу өсімін жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен көлік өндіру және тағы басқа салаларды қамтиды. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа ведомство құрылады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік тікелей Президентке бағынышты болады. 

Мемлекеттік аппаратты үлкен реформа күтіп тұр. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың жаңа моделін жүйелі түрде кезең-кезеңмен енгізіп, қызметкерлер санын 2021 жылға дейін 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Ал үнемделген ақшаның арқасында өзгелерінің жалақысы өседі. 

Президенттің тағы бір маңызды мәлімдемесі: мораторий күшін жойса да, жер шетелдіктерге сатылмайды. Президент Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатынын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу керек. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу