Шалғай ауылдар 4G интернет желісіне қосылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалғай ауылдар 4G интернет желісіне қосылып жатыр

31.08.2020

Онлайн оқу үшін жылдамдығы тәуір интернетке қол жеткізе алмай жатқан ауылдар жетерлік. Дегенмен шалғай ауылдарды сапалы интернетпен қамту ісі жалғасуда. Бүгін Қарағанды облысында екі ауыл 4G желісіне қосылды. Бұл жаңалыққа жергілікті мұғалімдер мен оқушылар қатты қуанды. Ал, жалпы, ел бойынша биыл қанша ауылға сапалы интернет жетеді. 

Мына станцияның іске қосылуы Осакаровка ауданына қарасты Пионерское және Центральное ауылдарының тұрғындарын қуанышқа бөледі. Өйткені сапалы интернет мүмкіндікті арттырып, қолды қысқартты. Тұрғындар мемлекеттік қызметтерді аудан орталығына бармай-ақ, тіпті, үйінен шықпай-ақ электронды форматта ала алады.

Алтынгүл Хидолда, Пионерское ауылының тұрғыны:

- Бүгінгі күні 4G интернет желісін қосып жатқанына қуаныштымыз. Бұрын E деген әріп көрсетіп тұратын. 

Аймаққа тартылған интернеттің игілігін алғашқылардың бірі болып балалар үйінің тәрбиеленушілері көрмек. Оларға сый ретінде Аранайы компьютер сыныбы дайындалған. Жалпы, биыл 36 ауылдағы 121 мемлекеттік орган, 40 мектеп, 31 аурухана, 50 әкімшілік мекеме жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген.

Ауылдық аймақтарға интернет желісін тарту жобасы 2018 жылы басталған. Содан бері ел бойынша 632 елді мекенде 2000-ға жуық мектеп пен аурухана, әкімдіктер мен полиция бөлімдері желіге қосылған. Ал қазір халық саны 250 адамнан асатын ауылдардың бәрін ұялы байланыс және мобильді интернетпен қамту жүріп жатыр. Жоба ойдағыдай іске асса, халықтың 99,3 пайызы кең жолақты интернетпен қамтылады.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу