Жәйремдік жастар мұқтаж отбасыларға қамқор болып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәйремдік жастар мұқтаж отбасыларға қамқор болып жүр

31.08.2020

Қарағанды облысының Жәйрем кентіндегі кен байыту комбинатының жұмысшылары волонтерлық топ құрып, жалғызілікті және мүгедек жандарға, қарияларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қамқор болып жүр. Олар жыл басынан бері азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды үлестірумен айналысады. Бастапқыда 25 адамнан құрылған топ қазір 100 адамға дейін толыққан. Төтенше жағдай кезінде ауруханаларға қажетті тұрмыстық техника мен жасанды тыныс алу құрылғысын алып берді. Ал жақында жалғыз тұратын зейнеткердің пәтерін өз қаражаттарына жөндеген. Мұндай қайырымдылықтың шарапатын кент халқы ғана емес, өзге елді мекен тұрғындары да көріп отыр. 

Татьяна Федорова, Жәйрем кентінің тұрғыны:

- Менің ешкімім жоқ. Егер осындай жаны жомарт, мәрт азаматтар болмаса не боларымды білмеймін. Қатты ауырып жатқан кезімде дәрімді әкеліп беріп, содан тәуір болдым. Мына пәтерім жөндеу көрмегелі көп жыл болған еді. Оны да өздері жөндеп, тұрмыстық техникаларға дейін сатып берді. Алғысым шексіз.

Жігер Еділбаев, волонтер:

- Тек қана Жәйрем ішінде ғана емес, Қаражал қаласына да барып көпбалалы аналарға, мүгедектерге, қарттарға көмек беріп жатырмыз. Бізде сезім мүлде өзгерді. Халқымызбен бірге жүрейік деген патриоттық сезім пайда болды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу