Өскеменде жаңа тұрғын үйден пәтер алған отбасылар баспаналарына кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жаңа тұрғын үйден пәтер алған отбасылар баспаналарына кіре алмай жүр

29.08.2020

Өскеменде 80-нен астам отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналарына қоныстана алмай, сергелдеңге түсіп жүр. Қолдарында пәтер иесі деген құжат бола тұра, бірнеше айдан бері саяжай немесе жалдамалы баспанада тұруға мәжбүр. Жаңа пәтерге көшуді зарыға күтіп тентіреп жүргендерді құрылыстың сапасы да алаңдатып отыр. 

Бұл 9 қабатты үйдің іргетасы 3 жыл бұрын қаланған. Былтырдан бері пәтерлер қала тұрғындарына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатыла бастады. Бірақ баспана алған адамдардың тең жартысы әлі жалдамалы пәтер жағалап жүр. 

Саян Әміренов, қала тұрғыны:

- Сәуір айында пәтерді сатып алу бойынша құжат рәсімделген. 3 бөлмелі пәтер алдым, құжат бар, бірақ қаржыландыру жоқ. 

Назым Жұмағұлова, қала тұрғыны:

- Үй жалдап тұрып жатырмыз, 50-60 мың теңгеге. Балаларымыз бар, міне сабаққа баратын уақыт болды. 

Ипотека беретін банк басшылығы салымшылардың бірнеше айлап пәтерін сарыла күткені қаржы тапшылығына байланысты деп отыр. 

Дәурен Мырзатаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:

- Енді мына республикалық бюджеттен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ақша бөлінген жоқ. Қазіргі таңда 162 пәтердің 78-ін бердік. Әлі 50 шақты адамға береміз, ақша болып жатқан кезде. 

Бұл жерден баспана алғандарды құрылыстың сапасы да қатты алаңдатады. Өйткені бітпеген жұмыс көп. Электр энергиясына толық қосылмаған, жылу мен су мәселесі де шешілмеген.  

Берік Көшербай, тілші:

- Бұл үй бірнеше бөліктен тұрады және жоба бойынша олар қосылған жерде арнайы жылу ұстайтын материал болуы тиіс. Бірақ жұмыс шала-шарпы жасалғандықтан, сол материал түгелдей үгітіліп, төмен қарай түсіп қалған. Қазір, міне, астында үйіліп жатыр. Ал екі ортада бос қалған саңылауды жабу үшін мердігер мына жерді қаңылтырмен қаптап қойған. 

Кілтін алып, үйге көшіп үлгергендердің жайы да мәз емес. Жоғарғы қабаттағы пәтер иелері жаңбыр жауса, шелектерін ала жүгіреді екен. Себебі төбеден су сорғалайды.

Айнұр Бакишева, қала тұрғыны:

- Бұл пәтерден бас тартайын десем, басқа үйді ала алмайды екенмін. Басқа бағдарламаға қатыса алмайды екенмін. Өйткені бұл пәтер базада менің атымнан шығып қойған. 

Қазір үйді салған компания банкрот деп танылған. Ал жобаны қаржыландырған инвестор құрылыс кезінде жіберілген кемшіліктерді жою үшін қайтадан байқау жариялап, басқа мердігер іздеп жатыр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу