Саяси реформалар – барлық саладағы оң өзгерістің бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси реформалар – барлық саладағы оң өзгерістің бастауы

28.08.2020

Саяси реформалар елдің кез келген саласына ықпал етеді. Сондықтан әлеуметтік, экономикалық ахуал оң болу үшін алдымен саясат дұрыс болуы керек. Өткен жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы осыны айрықша атаған еді. Саясаттанушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келген соң іле шала саяси реформаларға кірісу себебін осылай түсіндіріп отыр. 

Көппартиялықты, саяси бәсекелестікті қалыптастырып, ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал ету, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру. Билік тізгініне келген кезде жариялаған алғашқы жолдауында мемлекет басшысы осы міндеттерді орындауға уәде еткен еді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңісінің отырыстары аясында оларды орындау тетіктері талқыланып, бірсыпырасы заңдық тұрғыдан жүзеге асты. 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Бірқатар заңға өзгеріс енгізілді, жеңілдіктер енгізілді. Баяғы қисынсыз шектеулердің бірқатары алынып тасталды. Атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу. Бұған дейін ең бір қатқыл шектеулердің бірі: тіркелместен бұрын кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек деген талап болатын. Қазір 20 мыңға дейін түсірілді. Сайлау барысында тиісті партиялық тізімге жастар мен әйел адамдардың енгізілуі шамамен 30 пайыз деген сияқты өзгерту. 

Әсіресе, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы жаңа заң жобасы қоғамның қызу талқысында болды. Азаматтық қоғамның пікірі сараланды. Түрлі ұсыныстар ескеріліп, Президент үш ай бұрын жаңа заңға қол қойды. 

Смағұл Елубай, жазушы:

- Халықтың митингіге шығу тәртібі біраз жеңілдетілді. Әкімшіліктің табалдырығын тоздырып жүрмей-ақ белгіленген жерге барып, айтарын айтуға рұқсат берілді. 

Саяси жүйемізде тұңғыш қабылданған тағы бір норма - «Парламенттік оппозиция». Бұл құжат оппозициялық партия мүшелерінің ішінен әлеуметтік және экономикалық блок министрлерінің орынбасарларына үміткер, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға мүмкіндік береді. Жалпы, демократия принциптерінің сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің жедел дамуына ықпал етпек. 

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

- Оппозициялық күштер тасада, митингілердің шеңберінде немесе белгілі бір сарайлардың, алаңдардың ішінде қалып қоймауы керек. Мүмкіндігінше парламенттегі пікірталаста көрінуі керек. Сондықтан парламенттік оппозициялық партиялардың қажеттілігі бүгінде көрініп отыр.

«Ал жаңа сайлау туралы заң мемлекеттік басқару және шешім қабылдау процесіне халықтың түрлі тобын тартуға қадам жасауы тиіс», - дейді сарапшылар.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу