Мемлекет басшысы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

27.08.2020
0:00:00
0:00:00

Конституция уақыт талабына сай жетілдіріліп отырады. Бұл – заңды құбылыс. Ата заңның 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы осылай деді. Демократия қағидаттарын нығайтып, адамдардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту басты міндет екенін де атап өтті. 

Президент ең əуелі Ата заңның бүкілхалықтық референдумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялық жетекшілігімен қабылданғанын еске салды. Əрі бұл Конституция Тəуелсіздіктің берік құқықтық негізін қалағанын айтты. Алдағы уақытта ел мен əлемде қалыптасқан жаңа ахуалға қарай бас құжаттың мəтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық əлеуеті əлі де зор. Əсіресе, қоғам тарапынан туындаған əлеуметтік-экономикалық жəне саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы Конституция алдағы уақытта да елдің саяси жəне экономикалық тұрғыдан дамуының тұғыры болатынына сенім білдірді. Бұл ретте Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша қазірдің өзінде бірқатар маңызды заңнамалық өзгерісті қабылдаған

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде бейбіт жиналыстар туралы демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң күшіне енді, саяси партияларды құру жəне тіркеу үдерісі едəуір жеңілдетілді, сайлаудағы партиялық тізімдерге əйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ жала жапқаны үшін қылмысқа тарту талабы алынып тасталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңның ел аумағындағы қызметін қамтамасыз ететін Конституциялық кеңестің маңыздылығына да тоқталды. Кеңес биыл Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етіп отыр.

Қайрат Мəми, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы:

- Конституция мерейтойы Азия қауымдастығының 10 жылдығымен сəйкес келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Біз осы 25 жылда Ата заңның бар əлеуетін пайдалана отырып ауқымды реформалар жасап, елдің үдемелі дамуын қамтамасыз еттік.

Онлайн-конференцияға қатысқан халықаралық ұйым өкілдері мен бірқатар шетелдік құқықтанушы ғалымдар Конституцияның цифрлық трансформация дəуіріндегі адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғаудағы рөлін де талқыға салды.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу