«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай іске асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай іске асып жатыр?

26.08.2020

Халықпен тиімді кері байланыс орнату. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауының өзегі осы міндет еді. Президент мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікірлер плюрализмін орнатуды жүктеді. Содан бері бір жыл өтті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қаншалықты іске асып жатыр? 

«Көп жағдайда азаматтар орталық жəне жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мəжбүр болады». Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жұмысын осылай сынға алып еді. Сондықтан Президент Əкімшілігі жанынан азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлім ашылды.

Жанна Кəрімова, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты əлеуметтік-экономикалық бөлімінің жетекшісі:

- Ресми мəліметтер бойынша 30 мыңнан астам шағым келіп түскен. Əрине, бұл жақсы көрсеткіш емес. Бірақ мұндай құрылымның болуы, Президент Əкімшілігі бұл мəселеге ерекше көңіл бөлуін білдіреді.

Қордаланып қалған түйткілдер, төтеннен келген жағдайлар шұғыл шешім қабылдауға міндеттейді. Президенттің үнемі назар аударатыны осы - əр мемлекеттік қызметші, ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды дереу шеше білуі тиіс.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

- Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңес құрылды.

Қоғамдық кеңестің отырыстары аясында қоғамның ең өзекті мəселелері талқыланып қана қоймай, бірсыпырасы орындалып үлгерді. Халық үнін есту үшін Президент əкім-қараға əлеуметтік желілерді ұтымды пайдалануды ұсынды.

Жанна Кəрімова, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты əлеуметтік-экономикалық бөлімінің жетекшісі:

- Əлеуметтік желілерде белсенділік жоғары. Қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты сараптап қарайтын болсақ, ақпараттың үлкен ағыны сол əлеуметтік желілері арқылы өтетінін байқауға болады.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі өзгеріс жасалды деуге əлі ерте. Бір жылдағы жұмыстар алдағы ауқымды реформаға негіз салды. Сондықтан жүйені жаңашылдықтар күтіп тұр.

Альбина Əшім

Хабарламаларға жазылу