Шымкенттік дәрігерлер 2 млн теңгеден өтемақы алды. Олар - науқастарды емдеп жүріп, індетке шалдыққан мамандар. Жалпы қалада 185 медицина қызметкері короновируспен ауырған. Бірақ әзірге оның 30-ына ғана өтемақы берілді.
Түркістан облысының 8 бірдей ауданындағы провизорлық орталықтар науқастардан босады. Атап айтсақ, Созақ, Төле би, Бәйдібек, Сайрам, Ордабасы, Шардара мен Мақтаарал ауданы, Мырзакент пен Ленгірдегі госпитальдарда пневмониямен ауырған бірде-бір адам қалған жоқ. Жалпы облыс бойынша инфекциялық стационардағы 225 орынның жартысы бос тұр. Ал мың адамға арналған провизорлық госпитальдарда тек 129 науқас ем қабылдап жатыр.
Екібастұздағы емханалар заманауи реанимобильдермен толықты. Көліктер өкпені жасанды желдету аппараты, пульсоксиметр және жүректі тексеретін құралдармен жабдықталған. Амбулаториялық ем көрсететін мобильді топтар мұндай көлікпен ауыр науқастарды ауруханаға дер кезінде жеткізе алады.
Гүлжазира Ғалиқызы