Каспий теңізінде су деңгейі мөлшерден тыс көтерілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий теңізінде су деңгейі мөлшерден тыс көтерілуі мүмкін

14.06.2014
Каспий теңізінде су деңгейі мөлшерден тыс көтерілуі мүмкін
«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, осы жылдың 15-16 маусым аралығында Каспий теңізіндегі су деңгейі шамадан тыс көтеріледі деп күтілуде. Су басу қаупі Атырау қаласына қарасты Еркінқала, Кенөзек, Дамбы селолық округтеріне және Исатай ауданының Зинеден, Жанбай елді мекендеріне төніп тұр. Осыған байланысты, бүгін Атырау облыстық әкімшілігі барлық құзырлы органдар басшылары, аудан әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізді.
 
Басқосуда төтенше жағдайға дайындық жұмыстары пысықталды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, барлық құзырлы органдар, азаматтық қорғаныс өкілдерімен әскерилер хабарланып, олар дайын тұр. Сондай-ақ, отырыста суға бөгет жасау үшін 10 мың дана қапшық дайындау да сөз болды. Жиналғандарға дайындық жұмыстарын шұғыл, әрі сапалы орындау тапсырылды. Себебі, қазірдің өзінде су деңгейінің көтерілуі байқалған көрінеді.
 
Марат Құрманов, Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
Теңізде су деңгейі шамадан тыс көтерілуі мүмкін. Барлығына түсінікті тілмен айтсақ, су деңгейі 120 сантиметрге жетсе, ол қауіпті жағдай болып есептеледі. Ал бізде су мөлшері 128 сантиметрге көтеріледі деп күтілуде. Ал су 140 сантиметрге көтерілсе, ол өте қауіпті жағдай болып есептеледі. Қазір, Пешной елді-мекенінде судың көтерілуі байқалды.
 
Қазір, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері су астында қалып қою қаупі бар аймақтарды анықтап қойды. Олардың тізіміне Атырау облысындағы 5 елді мекен енгізілді. Бұл жерлерде 25 мыңнан аса тұрғын тұрады. Теңіз су көтерілсе, ондағы 25 шаруашылық нысандары, 430 ұңғымалар суға кетуі мүмкін.
 
Жеңісбек Бекарыстанов, Атырау облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басақармасының басшысы:
Осыған байланысты, Каспий теңізінен 5-7 шақырым қашықтықта орналасқан елді-мекен тұрғындары сабырлық сақтап, өздерінің төл құжаттарын, киім-кешектерін және де бір тәулікке жетер тағамдарын дайындап, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтқанын тыңдап, сабырлық сақтауларыңыз сұралады.
 
Қазір, мамандар өңірдегі барлық құтқарушы күштерді су басу қаупі төнген елді мекендерге жұмылдыруда. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жоспарын жасақтауда.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу