Көпбірлік ауылының тұрғындары ішуге жарамсыз ауызсуға ай сайын қыруар қаржы төлеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбірлік ауылының тұрғындары ішуге жарамсыз ауызсуға ай сайын қыруар қаржы төлеуде

28.08.2020

Алматы облысындағы Көпбірлік ауылына ауызсу жүйесі жүргізілсе де, тұрғындар тіршілік нəрін даладағы жалғыз құдықтан алуға мəжбүр. Үй-үйге тартылған су ішуге жарамсыз. Тұзды. Ал ащы суды тұшытуға қондырғының қуаты жетпейді. Солай бола тұра ауылдағы ағайын амалсыздан орталықтандырылған судың бір текше метріне 500 теңге төлейді. Бұл - өңірдегі ең қымбат баға. 

Көпбірлік ауылының 100-ге тарта шаңырағы ауыл шетіндегі мына құдыққа қарап отыр. Себебі дəл осы жерден тұщы су шығады. Ал осыдан сегіз жыл бұрын əр үйге тартылған су тек жуынуға, кір жууға жарамды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Ауыл тұрғындары үйдегі суағарлары мен есептеуіш құралдарын жыл сайын ауыстырады. Себебі таттанып шіріп жатыр. Бір жылда темірді тоздырған тұзды су асқазанға барғанда не болады деген үреймен халық бұл суды мүлдем ішпейді.

Ащы суды тұшытатын қондырғының сүзгіштері де ай сайын ауыстырылады. Əрі бағасы да қымбат. Салдарынан судың құны шарықтап тұр. Жергілікті тұрғындар əуел баста жоба дұрыс жасалмағанын айтады. Ұңғыманы тұщы суы бар жерден емес, тұзы бетіне шығып жатқан жерден қазғанына наразы.

Нұрлан Шалбаев, ауыл тұрғыны:

- Ауылда тəтті су қоры бар. Сол жерге салмай, тұзды көл маңынан салған.

Дидар Байғожанов, ауыл тұрғыны:

- 2012 жылы тартылған. Содан бері жыры бітпей жатыр. Су ішуге жарамсыз. Жергілікті билік жөндеу жұмыстарына келер жылы кірісеміз деп сендіріп отыр. Аудан бюджетінен қаржы да қарастырылған көрінеді.

Ермек Əпеков, Қаратал ауданы əкімінің орынбасары:

- Жобалық құжаттары дайын болса, 2022 жылы құрылысы жүргізіледі.

Қаржы бөлініп, жұмыс басталғанша көпбірліктіктердің қауғамен құдық жағалап, жан бағудан басқа амалы жоқ.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу