Қарақшылар қолынан қаза тапқан Станислав Куржей КСРО-ның еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, 1985-89 жылдары Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, елімізге еңбегі сіңген шахтер, Павлодар облысының құрметті азаматы. Қазақстанда көмір өндірісін дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше ордендермен марапатталды. «Шахтер даңқы» белгілерінің толық иегері. Қария 31-ші мамыр күні 90 жасқа толған болатын.
Сұлтан Күсетов, облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы:
Үш адам ұсталды. Екеуі отыздар шамасындағы жігіттер. Біреуінің жасы 23-те. Ол қылмыс жасағандарын мойындады. Ұрланған көлік ішінен Станислав Куржейдің алтын сағаты, фотоаппараты табылды. Пәтерді тонап жатқан кезде қария ұйқыдан тұрып, дауыс берген. Сол кезде күдіктілердің бірі кеудесіне пышақ салыпты. Көлік ішінен табылған пышақта қан ізі бар.
Болат АМАНБАЕВ