Праймеризге қатысуға 100-ден астам көпбалалы ана өтініш берген. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бала тəрбиелеп отырған аналар да бар.
Мысалы, елордалық Нұргүл Ұлжекова. Ол өз баласына көмектесу үшін 2016 жылы инклюзивті спорт секциясын ашқан. 4 жыл бойы түрлі демеушілердің көмегімен сабақтарды тегін өткізіп келеді. Бүгінде 150 балаға көмегін тигізіп жүр, тағы 200 бала кезекте тұр. Себебі мұндай балаларды басқа спорттық секциялар қабылдамайды. Ал Нұргүлдің бастамасы аймақтардағы көптеген аналарға үміт сыйлап отыр. «Бірақ проблеманы жүйелі шешу үшін инклюзивті адамдар арасында спортты дамыту туралы құқықтық-нормативтік актілер дайындау қажет»,-дейді ол.
Нұргүл Ұлжекова, «Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ата-аналар» қорының негізін қалаушы:
- Мысалы, спорт пен дене шынықтыру заңында бейімдік дене шынықтыру туралы бап бар. Бірақ ол жұмыс істемейді. Праймеризге қатысқаным – осындай проблемаларға назарын аударту.
Амангелді Сейітхан