Елімізде 600-ден астам медициналық ұйым жоспарлы емдеуге жатқызуды қайта бастады . Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» хабарлады.
« 2020 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда жоспарлы медициналық көмек көрсету қайта жанданды. Бірінші кезекте, ауруханаға жатқызуды республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар COVID-19-мен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыспайтын қалған стационарларды кезең-кезеңімен қоса отырып жүргізе бастады» ,- делінген мәлімдемеде.
2020 жылдың 10 тамызына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша елімізде медициналық сақтандыру қорының 626 медициналық ұйымы жоспарлы медициналық көмек, оның ішінде терапевтік, кардиологиялық, гастроэнтерологиялық, аллергологиялық, хирургиялық, неврологиялық, пульмонологиялық, реанимациялық, акушерлік – гинекологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді.