Мемлекет және қоғам қайраткерлері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

10.08.2020

Мемлекеттік хатшымен бірге ұлы ақынға ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев, вице-премьер Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ ақын-жазушылар тағзым етті. Жаһанға жайылған жұқпалы дерт салдарынан ұлттық мерекеге айналған бұл күнді ұлы той ғып атап өту мүмкін болмай тұр. Дегенмен, салтанатты жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері дәл қазіргі жағдай қазақ қоғамы үшін Абайдың өсиетіне жүгініп, ой ойлауға таптырмас кезең екенін атап өтті.

 Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» деген мақаласы шықты. Сонда «қиындықтар өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік» деген сөздер бар. Бұл пандемия да өтеді, кетеді, бітпейтін қиындық жоқ. Ал біз үшін үнемі алға ұстайтын бағдаршам: ол – Абай сөзі.

 Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

Жазушылар Одағы Абайдың поэзиялық күнтізбесін шығарды. Сонымен қоса интерактивті кітабын дайындадық. Ол қазір әлі өндірісте. Интерактивті кітап дегенде оның ішінде Абайдың өлеңдері, қара сөздері, әндері дыбыс ретінде орындалады. Оны Қазақ радиосының үздік дикторлары, әншілері орындаған. Қазіргі озық технология заманыда мұндай кітап – таптырмайтын дүние.

Альбина Әшім 


Хабарламаларға жазылу