Коронавирус: әлемдегі ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус: әлемдегі ахуал

09.08.2020

АҚШ-та коронавирус кесірінен балалар арасында сирек кездесетін қабыну аурулары көбейіп келеді. Кавасаки синдромына ұшыраған жеткіншектердің саны Италия мен Ұлыбританияда да артқан.Өзге мәліметке қарағанда, Құрама Штаттарда «COVID» құрбандары желтоқсанда 300 мыңға жетуі мүмкін.

Пандемия қазір Африкада да күшейіп келеді. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, «қара құрлықта» коронавирус жұқтырғандар 1 миллионнан асты. Алайда, көптеген сарапшылардың ойынша, бұл континенттегі 1,3 миллиард адамды тестен өткізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан, Африкада қауіпті ауруға шалдыққандар 5 миллионнан кем болмауы мүмкін.

Өткен тәулікте Үндістанда мұндай науқастар саны 2 миллионға жетіп, коронавирустан қайтыс болғандар саны 41580-нен асты.

Бұл мемлекетте қазір күніне шамамен 60 мыңдай адамнан коронавирус табылып жатыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:

Табысы төмен, орта және жоғары елдердің бәріне соққы тиді. Америка құрлықтары вирустың эпицентрі болып қалып отыр. Жұқтыру оқиғаларының жартысы – үш елдің үлесінде. Бұл індетпен мемлекеттер жеке күресе алмайды».

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 5 миллионға жақындап, 160 мыңнан астамы қайтыс болды. Сол құрбандардың 10 мыңдайы кейінгі тоғыз күнде жан тәсілім еткен.

Вашингтон университеті ғалымдарының болжамынша, АҚШ-та COVID-19-дан о дүниелік болғандар саны 1 желтоқсанда 300 мыңға жақындауы мүмкін. Дегенмен, америкалықтардың түгелге жуығы қоғамдық жерлерде маска тағатын болса, жаңа инфекция құрбандары азаяды деген үміт бар.

Кристофер Мюррей, Вашингтон университетінің медицина мектебінің докторы:

Сараптамалар көрсетіп бергендей, маска тағудың маңызы қараша айында артады. Және де масканы қолдану деңгейі артатын болса, іс жүзінде біз АҚШ-та 65 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қала аламыз.

Ал, материктік Қытайда соңғы 24 сағатта 31 адамнан коронавирус анықталды. Науқастардың көбі – Шыңжаңнан.

Австралияның Виктория штатында өткен тәулікте бұл ауруға 466 адам шалдыққан. Дегенмен, жергілікті мамандардың ойынша, осы цифрға қарап, аймақтағы жағдайдың біршама тұрақталғанын көруге болады. Миллиондаған адам карантинге қайта алынбағанда, мұнда күніне мыңдаған тұрғын «ковид» жұқтырар еді деген болжам бар.


Хабарламаларға жазылу