Түркия мен Қазақстан арасында әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия мен Қазақстан арасында әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі талқыланды

09.08.2020

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы қашан жанданады? Осы аптада екі ел арасында әуе шекарасы ашылуы тиіс болатын. Алайда түрік тарапы қазақстандық ұшақтарды әзірге қабылдамайтынын айтқан. Осы мәселені талқылау мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов шұғыл Түркияға аттанды.

Ералы Тоғжанов бастаған делегация Анкарада Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожамен кездесті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру болды. Түркия денсаулық сақтау министрі бұл мәселе елдегі коронавирус індетімен күрес жөніндегі ғылым кеңесінің келесі отырысында арнайы талқыланып, жуық арада оң шешімін табатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Түркия Үкіметіне пандемия кезінде елімізге көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.

Ал, делегация құрамында келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түрік тарапына коронавирус бойынша еліміздегі қазіргі жағдай туралы ақпарат берді. Ол Қазақстандағы ахуал тұрақталғанын және бақылауда екендігін атап өтті. Бұдан бөлек тараптар коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында бірлескен іс-шаралар жүргізуді және екі ел арасындағы ынтымақты нығайтуға уағдаласты.

Естеріңізде болса, Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы Қазақстандағы эпидахуалдың күрделілігіне байланысты өткен айдың басында тоқтатылған болатын.


Хабарламаларға жазылу