Қызылордада қырылған уақ мал саны 5662-ге жетті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жаңақорған ауданында үш сағат бойы бұршақ аралас жаңбыр жауып, соның салдарынан 3895 қой-ешкі шығын болған-ды.
Табиғаттың тосын мінез танытуынан іргедегі Шиелі ауданының фермерлері де зардап шегіп отыр. Олар барлығы 1767 ұсақ тұяқтан айрылды. Қазір оқиға орнында тиісті сала мамандары жұмыс істеуде. Олар алты мыңға жуық малдың жаппай қырылуының себебін анықтау үшін өлекселерден сынама алып, арнайы сараптамаға жіберді.
Сондай-ақ, арам өлген мал етінің базарларда саудаланбауы қатаң қадағалануда. Шығынға батқан фермерлердің жағдайы мәз емес. Өйткені, осы оқиғаға байланысты құрылған комиссия мүшелері өтемақы тек арнайы сақтандырылған малға ғана төленетіндігін мәлімдеді.
Жасұлан Шынтасов, облыстық жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының басшысы:
Бұл табиғи апат болған соң, табиғи апаттың ішінде өтелетін тұсы бар. Мысалы, өтелгенде де мемлекет тарапынан көмек берілетін. Бірінші қай тұста көмек беріледі, егер де осы аталған жаңа жоғары аталған малдар егер де сақтандырылса, сол сақтандыруға сәйкес мемлекет сол қаржыны төлеп беруге міндетті.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ