Әлемде коронавирус құрбандарының саны 700 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус құрбандарының саны 700 мыңнан асты

05.08.2020

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 700 мыңнан асты. Көптеген елдерде жұқпалы дерттің екінші толқыны күзде болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі вирус жұқтыру қарқыны бәсеңдемей тұр. Ал БҰҰ мектептер жуық арада қайта ашылуы тиіс дейді.

Коронавирусқа байланысты сабақтың ұзақ мерзімге тоқтауы білім саласына кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы хабарлады. Сондықтан, эпидемиологиялық ахуал тұрақталған аймақта ең алдымен мектептер қайта ашылуы тиіс.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы

«Шілденің ортасында әлемнің 160-тан астам елінде мектептер жабылды. 1 миллиардтай оқушы оқу орнына бара алмады. Өскелең ұрпақтың білім алуы кенжелейді, олар үшін мұның соңы қиын жағдайға әкелуі мүмкін»

Дегенмен, кей ата-аналар мұндай шешімге қарсы. Олар вирусқа қарсы вакцина әлі дайын болмағандықтан, оқу орындарын ашу ерте деп отыр.

Антия, ата-ана

«Көптеген ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқады. Себебі балалар әлеуметтік ара-қашықтықты сақтамайды. Маска таққылары келмейді»

Франция тұрғындары да ашық ауада маска тағуға қарсы. Ел билігі көшеде адамдар аз болса да бетпердесіз жүруге тыйым салды. Ғалымдар елде эпидемияның екінші толқыны күзде не қыста болуы мүмкін деп отыр.

Австралияның Виктория штатында бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны жаңа рекордқа жетті. Кесел қайта тарап кетпес үшін, штатта көптеген жұмыс орындары жабылып жатыр.

Даниэл Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі

«Жалпы штатта ауруға шалдыққан 13035 адам тіркелді. Соңғы тәулікте 725 адам инфекция жұқтырған. Өкінішке орай, 15 науқас көз жұмды»

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны 7-ші күн қатарынан 50 мыңнан азаяр емес. Дерттің екінші толқынының алдын алу үшін тәулігіне миллионға жуық адам тест тапсыруда.

Грекияда да COVID-19 жұқтыру оқиғалары күрт көбейді. Жалпы науқастар саны 5 мыңға жуықтады. Қауіп сейілмесе, ел үкіметі шектеу шараларын қайта енгізуі мүмкін.


Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу