«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланды

05.08.2020

Ит пен мысықты немесе өзге де хайуанатты қорлаған адам енді бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай жаза «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына енгізіледі. Мәжіліс әзірлеген құжатты бүгін қоғам белсенділері талқылады. Жобаның кемшін тұстарын айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Жануарларға жасалатын қатыгездікті жиі байқаймыз. Кеше ғана елордалық жасөспірімнің жоғары қабаттан мысықты лақтырып жібергені желіде тарады. Бірер күн бұрын Шымкенттік тұрғын елдің көзінше мысықты атып өлтіріп, оны көшеде ұзақ уақыт ұстап жүрген. Ал, қостанайдың қақ ортасында мысықты қабырғаға, кейін жерге ұрған 55 жастағы ер адам жүйке аурулары емханасына жіберілді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«Мұның бәрі қолданыстағы заңның әлсіздігінен. Өйткені, бізде жануарларды қорғау, бағу күтіп ұстау стандарттары жазылмаған. Ал, қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою ережелері әр қалада әртүрлі»

Мәселеге назар аударған мемлекет басшысы жануарларды қорғау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған. Мамандар құжатты даярлап шықты.

Онда тіршілік иелерін азаптағандарға жазаны күшейту көзделген. Хайуанаттар бағына қойылатын талаптарды, жер-жерде өткізілетін иттердің төбелесін этикалық тұрғыда жетілдіру қарастырылған. Қаңғыбас ит-мысықтарды ату процесін өзгертіп, оларды дезинфекциялау қолға алынуы тиіс. Сондай-ақ, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамалар мен зоологиялық волонтерлікті қаржыландыру жүйеленеді. Заң жобасымен танысқан белсенділер назардан тыс қалған мәселелерді атады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

«Оның ішінде мысалы кинологтардың жоқтығы. Екіншіден жаңағы әр үлкен қалаларда жаңағы жануарларды, иттерді шығаратын алаңдардың жоқтығы. Бұл өте күрделі жұмыс. Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілетін болады. Қазіргі есебіміз бойынша ілеспе заңдарға 300-ге жуық жаңа өзгерістер енгізілетін болады»

Құжат әзірге Үкіметтің қарауында. Ал, белсенділер өз ұсыныстарының оған енгізіліп, заңның қабылданғанын асыға күтіп жүр. Өйткені, жануарларға жасалатын айуандықтар азаяр емес. Мәселен, мұндай қатыгездіктің көрсеткіші адамға қатысты жасалатын қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе жоғары.


Аман Сейтхан

Хабарламаларға жазылу