Бейруттегі жарылыстан қаза тапқандар саны 100-ден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейруттегі жарылыстан қаза тапқандар саны 100-ден асты

05.08.2020

Ливан астанасы Бейрутте болған жарылыста қаза тапқандар 100-ден асты. 4 мыңдай адам жараланды. Қайғылы оқиға порттағы қоймалардың бірінде аммиак селитрасының дұрыс сақталмауынан болған. Ел билігі осылай деп хабарлады. Химиялық зат ғимаратта 6 жыл бойы жатқан.

Бейруттегі жойқын жарылыстан қайтыс болғандар саны сағат сайын өсуде. Көптеген адам із-түссіз жоғалған. Құтқарушылар үйінділерді аршып, іздеу жұмыстарын тынымсыз жалғастыруда.

Фарид Шаарави, қала тұрғыны

«Бірінші жарылыстан соң не болғанын көрейін деп сыртқа қарадым. Сол кезде екінші жарылыс болды. Тура алдымда әйнектің күл-талқаны шығып, үстіме құлады»

Түрлі жарақатпен ауруханаға жүгінгендерде шек жоқ. Дәрігер тапшы. Елдің әр аймағынан Қызыл Крест мамандары көмекке келіп жатыр. Зардап шеккендерді қала сыртындағы емханаларға апаруға тура келуде. Себебі Бейруттегі емдеу мекемелерінің біразы жарылыстан қирап қалған.

Джордж Саад, аурухана өкілі

«Ауруханада қазір жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. 4 медбикеміз қаза тапты. Қайтыс болған науқастар да бар. Ғимаратта 200-дей адам жараланды»

Оқиғадан кейінгі қала сиқы қазір осындай. Алып шахардың тең жартысы қираған. Үйлердің есік-терезелері сынып, қабырғалары опырылды. Көшедегі көліктердің де сау тамтығы қалмаған. Жарылыстан келген жалпы шығын 3-5 миллиард доллар деп бағаланып отыр.

Жамал Итани, Бейрут қаласының мэрі

«Бұл алапат зілзала сияқты. Қаланы қалпына келтіру үшін кемінде бір жыл уақыт пен миллиардтаған доллар қаражат қажет»

Жарылыстың жойқын болғаны сонша, 180 шақырымдай қашықтағы Кипрге де дүмпулер сезілген. Ел премьер-министрінің штаб-пәтері де бүлінді. Үкімет басшысы кінәлілердің жуық арада анықталатынына уәде беріп отыр.

Хасан Диаб, Ливан Премьер-министрі

«Оқиға жауапсыз қалмайды. Кінәлілер бұның құнын өтейді. Бұл – қаза тапқандар мен зардап шеккендер алдындағы ұлттық міндет»

Премьер-министр қауіпті заттарды 6 жылдан бері сақтап келген қоймаға қатысты барлық фактілер ашық жарияланатынын хабарлады. Әзірге жарылысқа не себеп болғаны белгісіз. Ал аммиак селитрасы ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Сондықтан, оны сақтау мен тасымалдау үшін арнайы талаптарды орындау қажет.


Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу