Ақмола облысында туристік нысандардағы жағажайлар жұмысын бастайды. Бірақ санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бұл бойынша облыстың бас санитар-дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Жағажайларды ашу үшін жауапты мамандардан құрылған мобильді топтардың тиісті шешімі қажет. Олар нысанның дайындығына, демалушыларды қабылдау мен уақытылы дезинфекциялау мүмкіндігіне қарайды. Ал қоғамдық, қалалық жағажайларда шектеу әлі сақталады. Бурабай мен Зерендідегі блок-бекеттер де әзірге алынбайды. Курортты аймақтарға кіруге шектеу бар. Ал бала-бақшаларда кезекші топтар жұмысын бастайды. Өзге карантиндік шектеулер өзгеріссіз қалды.
«Демалыс орындарының, қонақ үйлердің жанындағы жеке жағажайлардың жұмысына рұқсат беріледі. Талап бойынша 1 адамға 4 шаршы метрден есептеледі. Осылайша, жағажайда бір уақытта қанша адам бола алатындығы анықталады. Бақылау жүргізіледі. Егер ереже бұзылса, жағажай бірден жабылады»,- дейді Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина