ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халықты тағы да карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, аурудың қауіпі туралы бес айдан бері айтылып жатса да, жиын-тойлар тоқтамай отыр.
«Коронавирус жаңа шындықты көрсетті десем артық айтқаным емес. Бұл біздің ұлтымызға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отырған үлкен қауіп. Ғасырлар бойы біздің халқымыз ел басын қосатын көптеген дәстүрді ұстанып келді. Той-жиынды, құдалық секілді салттар бізде бұрыннан бар. Бірақ бүгінгі жаңа сын-қатерлерге бейімделуіміз керек. Ашығын айтқанда қазір кейбір ұстанып жүрген дәстүрлеріміз бүгінгі қауіпке қарама-қайшы. Уақытша бас тарта тұрсақ – халыққа бұл игі болары сөзсіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.