«Орта Азия» сауда орталығы аймақтағы көршілерге де тиімді болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орта Азия» сауда орталығы аймақтағы көршілерге де тиімді болмақ

17.04.2019

Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында ашылатын халықаралық сауда орталығы тек екі елдің ғана емес, жалпы аймақтағы көршілерімізге де тиімді болайын деп тұр. Тәжікстан, Түркменстан, Ауғанстан сияқты мемлекеттер импортпен экспортты «Орта Азия» сауда бекеті арқылы өткізеді. Осылайша, Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін арттырады.   

Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан кең байтақ қазақ даласы бүгінде халықаралық транзитті хабқа айналды. Бізде «Қорғас - Шығыс қақпасы» бар. Қытаймен шекаралас. Мұнда қазір экономикалық орталық жұмыс істеп тұр. Батыста Құрық порты іске қосылды. Ендігі кезек, оңтүстік өңірден халықаралық сауда бекетін ашу болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде әріптесі Шавкат Мирзиеевпен халықаралық сауда орталығын ашуға келісті.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президент ретінде Үкіметке өзбекстандық әріптестердің сұрауына жылдам жауап беру жөнінде тапсырма беремін.  Өзбекстан тарапынан да осындай көзқарас болғанын қалаймын. Үкіметаралық комиссияның дәрежесі енді премьер-министрлердің деңгейіне көтеріледі. Министрлер кез- келген кедергілерге қарамастан, тізе қосып жұмыс істеу керек.

Белгілі экономист Сапарбай Жұбаевтің айтуынша орталықтың ашылуы екі мемлекет де тиімді. Біріншіден, транзиттен пайда табады.  Екіншіден, өз өнімдерін үшінші елдерге тиімді бағаға сатуға мүмкіндік алады. 

Сапарбай Жұбаев, экономист:

Мәселен, Өзбекстанның ішінде дайындалған өнімді шекараға алып кеп Қазақстанның солтүстігіне алып бара жатқанда жолда біздің тексеру органдары көріп талапқа сай емес деп қайтаруы мүмкін. Шекарада тұрып қалуы бар. Ал егер шекарада осындай орталық ашылса, онда ол барлығына жауап береді. Яғни, еркін саудаға мүмкіндік туады.

Бүгінде еліміздің ірі қалаларында өзбекстанның сауда өкілдіктері жұмыс істейді. Бірақ технологиялық тұрғыдан екі елдің заңнамалық базасы  бір жүйеге түскен жоқ. Демек, «Орта Азия» сауда орталығы осы текстес кемшіліктердің орнын толтырмақ.   

Дулат НУРКИН

Хабарламаларға жазылу