Маңғыстау облысында екі аптаның ішінде 50-ден астам азамат жеке кәсіп ашып үлгерді. Мұндай нәтижеге «Бизнес үш күнде» деп аталатын жобаның арқысында қол жетті, дейді мамандар. Қайырымдылық жобасына күн көріс деңгейі төмен отбасылар мен көпбалалы аналар қатыса алады.
Сәуірдің аяғына дейін жобаны ұйымдастырушылар кәсіп бастағандардың қатарын 100-ге жеткізуді көздеп отыр. Нақты нәтижеге бағытталған баламасыз жоба туралы Аягөз Оралбайқызы тарқатады.
Өтебике Әбішеваның қуанышында шек жоқ. Енді оның өз шеберханасы болады. Мүгедек бала асырап отырған ана қолы қалт етсе болды, іс тігеді. Кәсіп ашқысы келген бірақ, жағдайы болмады. Енді міне, ісмердің талабын ескерген жоба жетекшілері шеберхананың құрылысын бастап кетті.
Өтебике Әбішева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Мынау сырттан кіретін есігі, мынау жерде кішкене бөлме қабылдау бөлмесі деп, оның мына жағында өзім отыратын шеберхана сондай жоспармен салынып жатыр. Кәсіпкер боламын деп оқып, сертификат алып қойғанмын. Бірақ мынадай нәтижеге жете алмайм қолым қысқа жалпы. Соған көмек беріп жатқаныңызға рахмет.
Наурызбек Алдабергенов жоба туралы естігенде, еш сенбегенін айтады. Жұмысшылар келіп, жылыжайды сала бастағанда көзім жетті дейді. Осыған дейін мұнай саласында ғана жұмыс істеуді армандаған ол енді өз алдына кәсіп бастайтынына қуанышты.
Наурызбек Алдабергенов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Бірінші келді ойландырды адамды. Салып береміз деді. Рахмет дедім. 3 күннен кейін келіп тұр ал саламыз қай жерге деп. Менде түсінбеушілік бастау алды. Қуанышты ойлар болды. Қыста қияр жейміз деп. Салып беріп жатыр, сау болсын.
Жоба Жаңаөзен қаласынан бастау алды. Екі аптаның ішінде 50-ден астам тұрғынға көмек берілді. Мысалы, тігін цехын немесе наубайхана ашып, тәтті тағамдар пісіремін дегендерге қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлік сатып әперілді. Сонымен қатар, әр қайсысының өз алдына тауар белгісі жасалды.
Гүлсім Алшораева, жеке кәсіпкер:
Бренд атауын беріп, оны көпшілікке танытып, паш еткеніне шынымды айтсам сене алмай тұрмын қазір де. Мұндай менің ұйықтасам да түсіме кірген емес. Бұл әрине, отбасымның табыс көзіне айналады деп сенемін.
Қайырымдылық жобасы жергілікті биліктің бастамасымен және кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асуда. Мақсат - жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға, мүгедек бала бағып отырған жанұяларға көмектесу.
Айжани Нұрланова, жобаны үйлестіруші:
Бастаған кәсіпті бір айда жолға қойып, пайда таппаса, ары қарай алып кете алмаса, біз сол бізнесті толықтай брендімен алып, басқа жұмысқа ынталы азаматқа береміз. Бұл жобаның басты талабы.
Сондай-ақ, болашақ кәсіпкер өзі сияқты азаматтарды кәсіпке баулыса, қаржылай көмекке ие болады. Өңірде ерекше жобаға қатысуға ниеттілер көбейді. Мамандар олардың жағдайын зерделеп, кәсіп ашуға ынталыларды анықтауда.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ