Асқар Жұмағалиев: Енді азаматтар дербес деректерін өзге біреудің сұратқаны туралы хабардар болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Жұмағалиев: Енді азаматтар дербес деректерін өзге біреудің сұратқаны туралы хабардар болады

29.06.2020
Асқар Жұмағалиев: Енді азаматтар дербес деректерін өзге біреудің сұратқаны туралы хабардар болады

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысы қол қойған Жаңа технологиялар туралы Заңның маңызын түсіндірді. ға қатысты пікірін білдірді.

«Мемлекет басшысы Жаңа технологиялар туралы Заңға қол қойды. Бұл осы сала үшін өте маңызды құжат және оған Қазақстанда цифрлық технологияларды одан әрі енгізу, қолдану аясын кеңейтуге бағытталған 240 түзету енгізілген. Шын мәнінде, бұл – заңнаманы уақыт талабына сай үйлестіретін құжат. Біріншіден, саланы одан әрі дамыту үшін маңызды «блокчейн», «зияткерлік робот» және т.б. ұғымдар заңнама деңгейінде бекітіледі. Екіншіден, мемлекеттік қызметтер көрсету, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірқатар өзгерістер енгізу көзделген. Естеріңізде болса, дәл осы заңның цифрлық құжаттардың қағаз құжаттармен бірдей қолдануына заңды күш беретінін айтқан едім. Заңға тәуелді актілер бекітілгеннен кейін цифрлық құжаттарды қағаз құжаттармен бірдей қолдана аласыз. Мемлекеттік қызметтерді биометриялық параметрлер және т.б. бойынша алу мүмкін болады», – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның сөзінше, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға қатысты бірқатар түзетулер енгізілді. Енді азаматтар өздерінің дербес деректерін өзге біреудің сұратқаны туралы міндетті түрде хабардар болады, ал Ақпараттық қауіпсіздік комитеті дербес деректерді қорғау жөніндегі агенттік мәртебесіне ие болады.

«Квазимемсектордың кәсіпкерлік қызметпен айналысуын, жеке фирмалар жұмыс істейтін нарыққа араласуын заңды түрде шектейтін нормалар да маңызды деп санаймын. Осылайша IT-саласында Yellow Pages Rules принциптерін толық сақтауды қамтамасыз етеді. Осы нормаларды іске асыру үшін бірнеше ай ішінде заңға тәуелді актілер әзірленіп бекітіледі. Заңды әзірлеуге және оның қабылдануына атсалысқандардың бәріне көп рақмет!» – деді А.Жұмағалиев.


Хабарламаларға жазылу