Қауіптің алғы шебінде жүрген журналистер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіптің алғы шебінде жүрген журналистер

27.06.2020

Бұл сюжетте көрсетілетін кейіпкерлер, яки батырлар менің әріптестерім. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері. Мерекелері келіп жетті, алдымен құттықтап қояйық. Сыйлықтың сыбағасын енді сөзбен жеткізуге тырысып бағайын. Ковид-19 салғырттықтың ізін шолып, қорғансыз адамдарды аяқтан шалып, алып ұрып бастағанда журналистер дабыл қақты. Үмітті үрейдің еңсергенін елге тәулік бойы тақылдап айтты. Үндері үтіктен шықпады демесеңіз, басқа ақпарат құралының бәрінен сөйледі. Қарапайым қараша құлақ асты, бірақ «көңілі соқырға көзілдіріктің пайдасы жоқ» демекші, «бұлардыкі өтірік, жоқ аурумен адамдарды алдап билікке болысып жатыр» деген диван батырлары дес бермеуге тырысты. Қайтпек керек, «медальі жоқтар ғана төсін ұрады» деген қағытпа бар еді ғой. Сол айпақшы, ешкімге екіленіп жатпай-ақ есті елге ескертуге тырысты менің әріптестерім. Үй көрмей, Ковид-19 вирусымен дәрігерлер ұстасқан шайқас алаңынан анық ақпарат таратып, сюжетті санаға сіңіріп ретімен репортаж берген отанық журналистерге қазір жұрт риза. Өйткені оларда да таңдау болды. Оқшауланып үйде жатып, оқтын-оқтын оқтаулы мылтық секілді әлеуметтік желіде желіккен топтың қиқуына қиқу қосып әр нәрсені бір жазып жалған атақ жинайтын немесе бәрін тастап ақпарат аламанына ағайынның қажеті үшін қойып кететін. Менің әріптестерім екінші нұсқаны таңдады, жалған ақпаратты түбімен тұқырту үшін қара басының қамын ойлауға үгіттеген кедергінің көзін жойды алдымен. Артынша ақпараттық айқасқа кірісті. Қаламмен ғана қаруланған қырандардың сапында аты анық, заты беймәлім, симптомдары сағымдай құбылған Ковид-19-ға шалдыққандары аз емес, ауыр жағдайда жатқандары да болды. Бірақ бұл көпшілікке қарсы бағытталған өтірік ақпараттың жолын кесу миссиясын жүзеге асырған журналистердің төлеген құны. Шүкір, қазір әріптестер ауруханадан шықты. Кереуетте кеудесі қысылған сәттерді біле тұра солар қайтадан қызметке кірісті. Ешкім міндеттеген жоқ еді, бірақ мұқым елге анығын айту керек деген міндет әрқайсысымыздың жүрегімізде хатталып тұр. Сондықтан "жегені жантақ, арқалағаны алтын", "келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар" деп суреттелетін журналистердің барлығын мерекесімен құттықтаймын. Жыланның ұзыны мен қысқасы болмайтыны секілді, журналистің де кәрісі мен жасы жоқ, барлығының жүрегінде елге деген махаббат бар. Әлиханша айтсақ, "тірі тұрғанда қазаққа қызмет қылмай қоймаймыз". Бастысы журналистиканы қара басының қамы үшін пайдаланатын пасықтардан сақтасын. Және хайп қуып, ақпаратты тексермей, желіде жұлдыз болу үшін әрнәрсенің басын бір шалатын біліксіздер біздің саладан ізін суытсын деген тілек қана бар. Ал елдің ертеңі үшін, бұқараның бүгіні үшін, билік мен халықтың арасындағы алтын көпірді қалыпқа келтіру үшін аянбай еңбек ететін әріптестерге халықтың бас бармақпен баға беретініне күмәніміз жоқ.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу